Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

7 сынып оқушысы сыныптасына тиісіп, үнемі мазақтап, буллинг жасаған

09:18, 12 ақпан 2025 139

Таразда мектептегі буллинг бойынша сот өтті: жетінші сынып оқушысының әкесіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Alash.kz.

Тараздың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР ӘҚБтК-нің 127-2-бабы 3-бөлігі (“Кәмелетке толмағанды қорлау (буллинг)”) бойынша іс қаралды.

Тергеу барысында 2024 жылдың желтоқсанында орта мектептің 7-сынып оқушысы – 12 жастағы жасөспірім екі досымен бірге сыныптасын жүйелі түрде мазақтап, кемсітіп келгені анықталды.

Бұрын мектепішілік және қалалық есепте тұрған бұл екі оқушымен бірге ол жәбірленушінің жолын кесіп, балағаттап, оқу құралдарын тартып алып жасырған, рюкзагына ойыншық пышақ салып, сырт киімін жерге лақтырып, оны ұрып-соғып, дене жарақатын салған.

Сот отырысында айыпталушы оқушының заңды өкілі – оның әкесі кінәсін мойындамады. Ол ұлының төбелеске қатыспағанын алға тартты.

Ал жәбірленушінің анасы баласын жаңа мектепке ауыстырған соң оның сыныптастары оқуға мүмкіндік бермейтінін, үнемі қорлайтынын айтып шағымданғанын жеткізді. Ол соттан заңға сәйкес шара қолдануды сұрады және құқық бұзушыны кешірмейтінін мәлімдеді.

Сотта жасөспірім кінәсін жартылай мойындап, сыныптасының жолын кескенін, балағаттағанын, қармен атқылағанын, сөмкесіне ойыншық пышақ салғанын және пенал мен кітаптарын бірнеше рет жасырғанын айтты.

Оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полицияның кезекші инспекторының баяндамасымен, оқиға орнындағы видеоайғақтармен, жәбірленуші анасының арызымен, сондай-ақ сынып жетекшісі, оқушылар мен олардың ата-аналарының түсініктемелерімен дәлелденді.

ҚР ӘҚБтК-нің 127-2-бабы 3-бөлігіне сәйкес, буллинг үшін ескерту немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сот шешімімен оқушының әкесі кінәлі деп танылып, оған 36 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар