Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"7 млн теңге": Назарбаев университеті талапкерлердің үмітін неге үзді?

12:46, 19 шілде 2024 973

Назарбаев университетіне магистратураға дейінгі бастапқы дайындық курсына қабылданған студенттер оқудың кенеттен ақылы болып кеткеніне наразылық білдіруде деп хабарлайды Alash.KZ. Айтуларынша, олар құжат тапсырған кезде арнайы дайындық курсының ақылы екенін ешкім ескертпеген. Бір жылдық оқу ақысының 7 миллион теңге шамасында екенін қабылданғаннан соң бір-ақ білген студенттер. 

23 жастағы Майра Сағынтай 2022 жылы Ақтөбеде Жұбанов атындағы университетті бітірген. Кейін магистратураға Назарбаев университетіне түсуге шешім қабылдап ұзақ дайындалған екен. 

Биыл ақпан айында Назарбаев университетіне көптілді білім беру бағытындағы бағдарламаға магистратураға құжат тапсырдым. 1 шілде күні тапсырған құжатымыздың нәтижесі келді. Менің IELTS деңгейім – 6,5. Алайда оның бір секциясы 5,5 болғаны үшін мен магистратураға емес, дайындық курсына қабылдандым. Мұндағы система бойынша осыған дейін бұл бағдарламада оқыған студенттерге шәкіртақы беріліп, тегін оқыды. Алайда биыл әбден қорытынды шыққаннан соң, бізге бұл курстың ақылы екені айтылды”,- деді Майра. 

Бойжеткен құжат тапсырар кезде қабылдау комиссиясы да, сайттары да курстың ақылы екендігі туралы ақпарат бермегеніне кейіді. Кейін барлық қабылданған студенттерге бір жылдық оқу ақысы 7 миллион теңге екені айтылған екен. 

Осы қаражатты төлеп, бір жыл дайындық курсында, кейін барып магистратурада грантта оқисыздар дейді. Неге бұл мәселені көтеріп отырмын? Себебі бізге басынан ешқандай ақпарат берілген жоқ. Бакалаврды енді бітірген студенттерге 7 миллион теңге табу өте қиын. Енді міне, бізге үміт сыйлап грантсыз қалдырды”, – деді ару. 

Майраның айтуынша ол жақсы нәтижелері үшін күту деңгейіне (лист ожидание) қабылданған. Сол себепті өзіне бастапқа дайындық курсына 7 миллион теңгенің орнына жеңілдікпен 2 миллион 800 мың теңге төлесе болатыны айтылған екен. 

Фото Мария Сағынтайдан

Бұл жерде оқу орны бізге обал жасап отыр. Қаншама құжат жинадық, мотивациялық хат жаздық, IELTS-қа қаражатымызды жұмсап, дайындыққа қанша уақытымыз кетті. Ең болмағанда бізге басында бұл туралы ескертіп айтуы керек еді ғой. Өзім Назарбаев университетіне зерттеулері жақсы болған соң түскім келген еді. Ал қазір басқа да университеттерді қарап жатырмын. Алайда өкінішке қарай, құжат тапсыратын уақыттан қалып отырмын. Алты айлап күткен студенттерге осылай обал жасамаса екен. Білемін бұл шағыммен бізге грант бере қоймайды. Алайда келесі жылы да түскісі келетін студенттер мұндай жағдайда қалмаса екен деймін” , – деп қорытты ол. 

Бойжеткеннің айтуынша қазір қатарластары шарасыз күйде қалған. Олардың барлығына қабылданғаны туралы хатпен қоса оқудың ақысы туралы ақпарат келген.

Назарбаев университетінен неліктен дайындық курсының ақылы болып кеткенін және бір жылдық оқу ақысының неге 7 миллион теңге екенін Stan.kz сайты сұрап білген. 

"Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы” заңның 12-1 бабының 1-тармағына сәйкес, білім беру гранты, өзге де гранттар мен стипендиялар негізінде, сондай-ақ ақылы негізде жүзеге асырылады. Ақылы негізде оқыту басқа университеттердегідей, заңмен қарастырылған. Бұл факт туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді. Университеттің ішкі құжаттарына сәйкес оқу ақысының мөлшері басқару органдары мен университет жарғысына сәйкес белгіленеді. Төлем мөлшері бір академиялық оқу жылына немесе оқудың барлық кезеңіне, оның ішінде 1 академиялық ECTS кредитіне белгіленуі мүмкін. Оқу ақысының мөлшері университеттің шығындарын толық немесе ішінара жабуы керек. Оған қоса университет ішкі құжаттарға сәйкес студенттерге түрлі қаржылық қолдау көрсете алады”, – деді университеттің баспасөз қызметі.  

Университет оқу бағдарламаларын қаржыландыру жыл сайын қайта қаралып отыратынын алға тартты.

Өздеріңіз білетіндей, студенттер университетке конкурстық негізде қабылданады. Ең төменгі талаптарды қанағаттандыру автоматты түрде грантқа түсуге кепілдік бермейді. Университет бағдарламаларын қаржыландыру жыл сайын қайта қаралып отырады. Мемлекеттік гранттардың саны жыл сайын Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен айқындалады. Университет мүмкіндігінше лайықты үміткерлерге грант беруге ұмтылғанымен, гранттар саны шектеулі. Мұндай жағдайларда мүмкіндігінше көп студентті қабылдау үшін балама нұсқалар ұсынады”, – деп қорытты оқу орны. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар