Қарағанды облысының Шахтинск қаласында кешкі уақытта жантүршігерлік апат орын алып, гараж ішіндегі өрттен 17 жастағы жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жергілікті техникалық колледждің үш студенті мотоциклге жанармай құймақ болып гаражға кірген сәтте кенеттен лап еткен жалын шарпыған. Көмекке ұмтылғандардың әрекетіне қарамастан, бір жасөспірім оқиға орнында тілсіз жаудың құрбаны болды. Төтенше жағдай салдарынан денесін ауыр күйік шалған тағы екі бозбала аса ауыр халде аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта осы факті негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Оқыс оқиғаның мән-жайы мен тілсіз жаудың шарпу аумағы туралы Қарағанды облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Елдос Зияда ресми түрде былай деп мәлімдеді:
«Өрт салдарынан гараждың шатыры, заттар және ішінде тұрған мотоциклдардың жанғыш бөлшектерінің жануы орын алды. Өрттің жалпы ауданы 20 шаршы метрді құрады. Өрт сөндіру кезінде гараждың ішінде 2008 жылы туған жасөспірімнің күйген мәйіті табылды. Бұл факті бойынша Төтенше жағдайлар департаментімен қылмыстық іс қозғалды».
Алдын ала болжам бойынша, жалынның тұтануына бензинді абайсыз қолдану мен қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болуы мүмкін. Дәрігерлер ауруханаға түскен екі студенттің өмірін сақтап қалу үшін барын салуда, олардың жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында.