Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Аяғы тайып, құлап кеткен». Қаралы хабар: Жезқазғанда кәріз коллекторын тазалау кезінде жұмысшы қаза тапты

20:04, 21 мамыр 2026

Жезқазған қаласындағы Абай және Чехов көшелерінің қиылысында кәріз коллекторын тазалап жатқан «Жылу-сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-да қайғылы жағдай орын алды, деп хабарлайды, Alash.kz. 

Терең қазаншұңқырдан жоғары көтеріліп бара жатқан 43 жастағы слесарь аяғы тайып, төменге құлап кеткен. Әріптесін құтқармақ болған тағы бір жұмысшы да шұңқырға құлаған. Оқиға орнындағы басқа қызметкерлер оларды арқанмен сыртқа алып шыққанымен, зардап шеккендердің бірі улы газдан уланып, оқиға орнында жан тапсырды. Екінші жұмысшы ауыр халде аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.

Кәсіпорында 18 жыл бойы еңбек еткен тәжірибелі маманның қазасы ұйым ұжымына ауыр соққы болып тиді. Ал улы газға уланып, аман қалған екінші жұмысшыға қазіргі уақытта дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. Оның денсаулық жағдайы орташа ауырлық деңгейінде деп бағалануда.

Айта кетейік, бұл аймақтағы коммуналдық сала жұмысшыларының өміріне қауіп төнген алғашқы жағдай емес. Өткен жылдың қазан айында ғана Жезқазғанда тағы бір қызметкер топырақ астында қалып қойса, көршілес Қарағанды қаласында кәріз құбырларын жаңарту жұмыстары кезінде екі бірдей маман дәл осылай ажал құшқан болатын. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуы тексеріліп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар