Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бізді ешкім тыңдағысы келмеді»: Азамат Үсімбеков өзіне қатысты дауға алғаш рет кең жауап берді (ВИДЕО)

14:11, 21 мамыр 2026

Соңғы айларда қоғамда ең көп талқыланған даулардың бірі журналист Ботагөз Омарова мен VD Engineering компаниясының айналасындағы жағдай болды. Әлеуметтік желілерде бұл іс көбіне біржақты талқыланып, кәсіпкер Азамат Үсімбеков қоғам алдында үнсіз қалып келді. Ол алғаш рет Ulysmedia.kz-ке сұхбат беріп, өз ұстанымын ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Кәсіпкердің айтуынша, қоғамда қалыптасқан пікірдің басым бөлігі әлеуметтік желідегі эмоция мен болжамдарға сүйенген.

– Соңғы уақытта біз туралы түрлі әңгіме айтылып жүр. Біреулер бізді билікпен байланыстырды, енді біреулер қарызымыз бар деді. Бірақ ешкім біздің тарапты тыңдағысы келмеді. Сондықтан халық шындықты өз аузымнан естісін деп сұхбат беруге келдім, – деді Азамат Үсімбеков.

Оның сөзінше, VD Engineering бірнеше жылдан бері құрылыс және инженерлік жобалармен айналысып келеді. Компания түрлі өңірлерде мектеп, тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын салған.

— Мен қарапайым құрылысшы отбасының баласымын. Әкем осы салада еңбек етті, мен де сол жолды таңдадым. Бұл бизнес бізге оңай келген жоқ. Барлығына еңбекпен жеттік, – деді кәсіпкер.

Сұхбат барысында Азамат Үсімбеков қоғамда кең талқыланған 600 млн теңге дауына да тоқталды. Оның айтуынша, «Ремстрой» компаниясына қатысты барлық міндеттеме тікелей мердігер арқылы толық орындалған.

— Мен өзімнің тікелей мердігеріммен толық есептестім. Барлық актілерге қол қойылған. Ешқандай қарыз жоқ. Бұл бойынша барлық құжат құқық қорғау органдары мен сотқа ұсынылды, – деді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, мәселе бастапқыда келіссөз арқылы шешіледі деп ойлаған.

— Мен барлық дәлелді көрсеттім. Ол кезде кешірім сұрап, видеоларды өшіретінін айтқан. Бірақ кейін бәрі жалғаса берді. Сол себепті заң аясында өз құқығымды қорғауға мәжбүр болдым, – деді Үсімбеков.

Ол бұл жағдайды журналисті қудалау емес, өзінің іскерлік беделін қорғау әрекеті деп бағалайтынын айтты.

— Қазір қоғамда мені журналисті сотқа сүйреген адам ретінде көрсетіп жатыр. Бірақ менің мақсатым – ешкімді қудалау емес. Мен тек өз атымды, беделімді және кәсібімді қорғап жүрмін, – деді кәсіпкер.

Сонымен қатар Азамат Үсімбеков әлеуметтік желілерде тараған «саяси байланыс» туралы пікірлерді де жоққа шығарды.

— Президенттің туыстарын да, басқа ықпалды адамдарды да танымаймын. Өмірімде олармен кездескен емеспін. Барлық келісімшарт заң аясында жасалған, – деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, соңғы үш жылда компания шамамен 8,6 млрд теңге салық төлеген. Ал табыстың негізгі бөлігі қайтадан құрылыс саласына инвестиция ретінде құйылып отырған.

— Біз тапқан ақшаны қайтадан жұмысқа саламыз. Компанияның артында ешқандай саяси лобби жоқ. Тек еңбек пен команда бар, – деді Азамат Үсімбеков.

Ол даудан кейін компанияның серіктестері мен отбасы үлкен психологиялық қысым көргенін де жасырмады.

— Әлеуметтік желідегі біржақты ақпарат біздің беделімізге әсер етті. Кей серіктестер күмәнмен қарай бастады. Бұл жағдай отбасыма да ауыр тиді. Бірақ бәрібір заң әділ шешім шығарады деп сенемін, – деді кәсіпкер.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар