Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жоғалтып алғандарымызды іздейтін уақыт келді емес пе?" - Мәжіліс депутаты

10:25, 12 қазан 2022 168
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар туралы мәліметті цифрландыру мәселесін көтерді.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

«30 жыл тәуелсіздігіміз кезінде Ұлы отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың тағдыры туралы сенімді ақпаратты алатын ұлттық цифрлық платформа, яғни толық электронды дерекқор әлі күнге дейін жасақталған жоқ. Майдангерлер туралы тарихи жадыны сақтап қалу мәселесі осы күнге дейін ашық күйінде қалып отыр.

Сарапшылардың пайымдауынша, қазақстандықтардың тағдырын іздеуші ұрпақтарының саны 2 миллион адамнан асады. Қазір Қазақстан азаматтары, тарихшылары және гелогтары майдангерлерді іздеу үшін ресейлік «Мемориал», «Память народа» сияқты электронды дерекқорларды пайдаланады. Бірақ бұлардың ішінен нақты қазақстандықтар туралы деректерді табу өте қиын»,

- деді Жаңбыршин.

Депутат ресейлік дерекқордағы құжаттар тек орыс тілінде ұсынылғанын да айтып өтті.

«Ол жерде Қазақстан республикасының жергілікті қорғаныс департаменттерінде сақталған офицерлер мен жауынгерлердің бастапқы шақыру деректері жоқ. Құжаттар цифрланбаған»,

- деді депутат.

Оның сөзінше, қолда бар құжаттар да, Ресей мұрағатында құжаттар да тозып жатыр.

Депутат қаза болғандар туралы мәліметтерді жинап, цифрландыру мәселесімен үкіметтік емес ұйымдардың айналысып жатқанынан да тоқталды. Оның сөзінше, елімізде «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымының арқасында 1 500 қазақстандық жауынгердің жерленген жері, майдандағы тағдыры, жауынгерлік жолы анықталған.

«Ұмытылғандарымызды жаңғыртатын, жоғалтып алғандарымызды іздейтін уақыт келді емес пе? Қазіргі жастарымыз бен жауынгерлерімізді отансүйгіштікке, тарихымызды құрметтеуге баулимыз дейміз. Неге үкімет осы маңызды мәселемен жүйелі түрде айналыспайды? Неге жан-жақты қолдау көрсетпейді?»,

- деді депутат.

Мәжіліс депутаты үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа бірнеше ұсыныс айтты:

  • Жергілікті жерлердегі барлық мемлекеттік органдар мен мұрағаттарда сақталған майдангерлердің құжаттарын цифрландырып, оған қажетті қаржы қарастыру;

  • Ғылыми жұмыстарды көп жылдық тәжірибесі бар, жүйелі жұмыстар атқарып жүрген қоғамдық ұйымдарға тапсыру;

  • Ресей мұрағаттарында қазақстандықтардың деректерін цифрландырып, Қазақстанға жеткізуді тез арада қолға алу.


«2025 жылы миллиондаған адамдардың өмірін қиған, тағдырын талқандаған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Қазақстан жерінде ұрыстар жүрмесе де, еліміз бұл қасіретті соғыстан тыс қалған жоқ. Әскерге 1 жарым миллиондай адам шақырылды, оның 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қалды. Қаншама майдангер мүгедек болып оралды. 271 мың адам із-түссіз жоғалып кетті. Майдангерлер мен тыл еңбекшілерінің ерлігін артындағы ұрпағы ешқашан ұмытпауға тиіс. Өйткені олар еліміздің жарқын болашағы үшін ұрыста қан төкті, маңдай терін төгіп, еңбектенді»,

- деді Жаңбыршин мәжіліс отырысында.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар