Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жер байлығы ұрпақтың игілігіне жұмсалады» – дегені ұнады маған  

12:32, 17 қараша 2022 236
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Alash.kz тілшісіне берген сұхбатында Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы туралы ойын жеткізді.

Ұлықбек Есдәулет:

Мен Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен толық таныстым. Бағдарлама көңілімізден шықты. Жеті жыл деген көп те, аз да уақыт емес. Осы жеті жылдың ішінде елді өркендететін, халықтың әл ауқатын арттыратын көптеген жұмыстар қолға алынбақшы. Соның бірі – жер байлығын ұрпақтың игілігіне жарату мәселесі. Жер қойнауынан алынған, қазынаға түскен ұлттық байлықтың 50 пайызын жаңа туған балалардың есеп-шотына аудару – үлкен игілікті бағдарлама.

Ауылдың қамын жасау, ауылдағы фермерлердің қамын ойлау – бұл да көптен бергі көкейкесті мәселенің бірі. Әр ауылдан медициналық пункт ашу, мектеп салу, аурухана салу – бәрі кезек күттірмейтін шаруалар. 6,5 миллион балалардың болашағын ойлау, студенттер жатақханасын салу, мектепке дейінгі балалардың жағдайын жасау сияқты бағдарламаға енгізілген тақырыптар Әділетті Қазақстан құрудың басты бағдарламасы деп айтар едім.

Заң әлсіз болса, сол елде қылмыс өршиді. Біздегі заңның дені солқылдақ. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы Патша заманының заңы туралы «Заң деген – бұйдалы түйе сияқты. Қалай жетелең солай бұрылады» дейді. Бағдарламада әділ соттар туралы айтылады. Әділ сот болмай, әділ заң, әділ қоғам құрылмайды.

Бағдарламада маған бір ұнаған дүние – жер мәселесі. Қазақтың жері латифундистердің меншігіне өтіп кеткен. Сол жердің бәрі халықтың игілігіне қайтатын болды. Өз көзімізбен көріп жүрміз. Жердің қожалары қазақты ауылынан бездіріп, ата кәсібінен жерітіп жіберді.

Менің Тоқаевқа сенетін бір себебім бар. 1993 жылдан 1997 жылдың аяғына дейін ол кісімен қызметтес болдым. Төрт жылдан артық уақыт сыртқы істер министрлігінде шетелдермен мәдени байланыс жөніндегі бөлімді басқардым. Әріптес болдық. Тоқаев біздің сыртқы саясаттағы көпвекторлы саятымызды белгілеп берген дипломат. Сол кездің өзінде ол бізге көп тіл білетінімен, көп оқыған зиялылығымен, қазақ тіліне деген құрметімен көпке үлгі болған-ды. Көптеген қазақ жазушылары мен зиялыларымыздың ұл-қыздары қазақ тілін білмейді. Ал Тоқаев сол 1993 жылдың өзінде қазақ тілі маманын жалдап қазақша үйреніп, қазақша сөйлеп, қызметтік қағаздарды қазақша жазатын. Тіпті, әкесінің шығармаларын ана тілінде оқитын жеңгейге жетті. Бұл Тоқаевтың алған бетінен қайтпайтын, бастаған ісінен нәтиже шығаратын табанды азамат екенін көрсетеді. Саясатта табандылық пен тазалық басты қасиет! Тоқаевтың бағдарламасы жан-жақты ғана емес, ұлттық мүдде тұрғысынан да кемелді деп айтар едім.

Кемел ЖАН        

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар