«Астана – Петропавл» бағытындағы пойызда болған оқыс жағдайдан кейін жолаушы әйел сот арқылы 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 2026 жылғы 7 наурызда қозғалыстағы пойызда болған. Сот материалдарына сәйкес, вагондағы санитарлық торапта техникалық ақау шығып, дәретхана жүйесіндегі қалдықтар сыртқа шашырап кеткен. Соның салдарынан жолаушы әйелдің үстіне лас су тиіп, киімі мен жеке заттары бүлінген.
Жәбірленуші бұл жағдайдан кейін қатты моральдық күйзеліске түскенін, өзін қорланғандай сезінгенін айтқан. Оның сөзін Астана қалалық көліктік бақылау инспекциясының тексеру қорытындысы, фотоайғақтар және тасымалдаушы компанияға қатысты толтырылған әкімшілік хаттама растаған.
Істі Астананың ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты қарады. Сот көрсетілген қызметтің сапасыз болғанын анықтап, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң мен Азаматтық кодекс талаптарына сүйене отырып, талап арызды ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімімен тасымалдаушы компания жолаушы әйелге 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.