Қарағандыда 25 мамыр - Алаш қайраткері Әлімхан Әбеуұлының туған күніне орай алаштанушы, әлихантанушы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның «ҮШ АРЫСТЫҢ АУЫЛЫНАНБЫЗ» атты жаңа кітабының тұсаукесері жоғары деңгейде өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Бұл тағылымды іс-шара - қарапайым танымдық жиын емес, халық санасында Алаш рухы оянған тарихи сәт болды. Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана іші халыққа лық толып, ине шаншар орын қалмады. Тұсаукесер рәсіміне «тапсырмамен» емес, өз еркімен келген 100-ге жуық рухтас адамның жиналып, Алаш мұрасын арнайы іздеп келуі - бар сәулелі ғұмырын Алаш ардақтыларын ұлықтауға арнап, «Әлиханның шырақшысы» атанған Тұңғышбай Өміртайұлының елеулі еңбегіне деген терең құрмет пен ұлт руханиятына деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі болды.
Әлімхан Әбеуұлының туған күніне орай өткен тағылымды іс-шара барысында баба рухына арнап Құран бағышталды. Өлкетанушының өнегеге толы өмір жолы туралы «Тынымсыз ғұмырым» атты бейнебаян көрсетіліп, Тұңғышбай Өміртайұлының ел үшін атқарған еңбегі жайлы жүрекжарды тілектер айтылды. Кеш шымылдығы ұлттық рухты көтеретін күйдің күмбірімен ашылып, әуезді әннен шашу шашылды. Іс-шараны өткізу тәртібі де бұрынғыдан өзгеше, жаңаша форматта ұйымдастырылды. Залда ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды аталардың болуы – кештің мазмұнын тереңдетіп, рухани мәнін арттыра түсті. Осылайша бұл тағылымды кеш - өткенге тағзым, бүгінгі ұрпаққа өнеге болған шынайы рухани басқосу болды.
Кеш соңында Тұңғышбай Мұқанның «ҮШ АРЫСТЫҢ АУЫЛЫНАНБЫЗ» атты жаңа кітабы қонақтарға кәдесый ретінде тарту етілді. Осындай құнды еңбектің жарыққа шығуына қаржылай қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған Айдос Мұқатайұлы бастаған жомарт азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Кітаптың редакторы Оралбек Жүнісұлына мың алғыс!
Кейінгі ұрпаққа баға жетпес мұра болып қалатын бұл құнды еңбек - Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Әбеуұлы, Жақып Ақбайұлы сынды қазақтың бағына туған үш бірдей Алаш арысы дүниеге келген қасиетті мекен, шежірелі өлке – Ақтоғай өңірінің терең тарихынан сыр шертеді. Кітаптың мазмұны танымдық-деректі материалдарға негізделген. Тұңғышбай Өміртайұлының ұзақ жылдар бойы жинап келген құнды деректерді, тағылымды мақалаларын және өзі туралы жазылған пікір-лебіздерді топтастыра отырып, оқырманға ұсынып отыр. Жас ұрпақ санасына Алаш рухын сіңіруді мақсат еткен бұл тағылымды еңбек - Ақтоғай өлкесінің тарихынан бастау алып, ұлт жадын жаңғыртатын шежіремен түйінделеді.
Тұсаукесерге Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанұлы, Ақтоғай ауданының ардагер ақсақалы Тұрғанбек Түсіпбаев, Астанадан арабтанушы ғалым, жазушы Мұхамедқали қажы Баймұханов бастаған Алаш рухын жоқтаушы бір топ азаматтар, әскери қайраткер, запастағы полковник Амангелді Теміржанұлы, аудармашы, журналист Рымбала Смаилова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ғалым Салават Қамшыбайұлы, өзі басқарған №76 мектепке Әлихан Бөкейхан Атамыздың есімін бергізген ардагер ұстаз Тілеуғалы Әміртайұлы, ардагер дәрігер, медицина саласының үздігі Қуанышбек Сапарғалиев, Ақтоғай ауданының бұрынғы әкімі Төкен Ахметбеков, медицина саласының үздігі, Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің директоры Аманжол Нұрбеков, ҚР мәдениет қайраткері Аманолла Шайбеков, айтыскер ақын Қуаныш Мақсұт, қоғам жанашыры Майра Төлеу-Бегім бастаған зиялы қауым өкілдері, журналист Ернат Рахметолла, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Әбеуұлы, Жақып Ақбайұлының есімі берілген мектеп директорлары, партия жетекшілері, мәдениет пен білім саласының қызметкерлері, Ақтоғайлық жерлестер, БАҚ өкілдері және Алашшыл жастар қатысты.
Барлығы да кітап авторының елеулі еңбегіне бас иіп, шексіз ризашылығын білдіріп, айрықша құрмет көрсетті. Тұңғышбай Өміртайұлының ұрпақ болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген шынайы зиялы қауым өкілінің еңбегі билік тарапынан да лайықты бағасын алуы керек деген өте орынды пікірлер айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алаш рухын бойына сіңірген Тұңғышбай Мұқанның идея авторлығымен «Әлихан Бөкейхан – ұлт азаттық күрескері», «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы», «Таста сақталған тарих» атты танымдық-деректі фильмдер жарық көріп, еліміздің бас қаласы - Астанадан бастап көптеген қала- аудандарда тұсаукесері өткен болатын.