Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт көсемі: Жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры!

21:55, 06 сәуір 2024 478

Жаңа үкімет жер мәселесін шешуге амал қыл деп,жер министріне тапсырған. Сондықтан жер министрі бұл мәселені қарауға жеке бір комиссия сайлады.

Мұның басшысы төртінші Государственни Дума шлені, бұрыннан атышулы «Русскіе ведомости» газетін басқарушы, жер оқуына қанық профессор А.С.Постников болған.

Постниковтың комиссиясы жер мәселесі туралы бір Бас комитет һәм жергілікті көп комитеттер болсын деп жоба жасады.

Осы комитеттер жер жұмбағын «Учредительное собраніе» шешуіне дәлел даярлайды. Сайланған жергілікті комитеттер жұрттың пікірі былай, жер жұмбағы бізге былай шешілсе қолайлы болады деп Бас комитетке жеткізіп тұрмақ.

Неше түрлі жерден неше түрлі пікірмен байыған жергілікті комитеттер жіберген дәлелдерді сынға салып, сұлулап Бас комитет «Учредительное собраніе»-ге тапсырмақ.

Мұжық, казак, қазақ, бурят, башқұрд өз арасына жасалған жергілікті комитетінде жер туралы өз пікірін айтып қалмақ. «Өлеңші болсаң міні той!»

Біреудің әуел бастан жері жоқ. Бұлар мұжық. Біреуде жер бар. Бұлар орыс дворяны мен қазақ. Осы болып тұрған бостандықтан бұрын біздің мемлекетті дворян биледі. Билік өз қолында болғандықтан мұжыққа өз жерін бермей, қашыртпа қылып мұжықты сауырға бір сипап, қазақ жеріне айдайды, жайды.

Тамағы үшін күшін жалдаған қазақ жерін алушылар қазақ жұртына талай қисынсыз іс қылды: қазақты қорасынан, пішенінен, егінінен, суатынан көшірді.

Мұжықты да алдап тастағаны болмаса, жарытқаны жоқ. «Жер жақсы» деп бұрын мұжық алатын сыбағаны 15-тен кемітіп 7-8 қылды. Бұл бір мұжық орнына екі мұжық отырғызғаны. Бұлардың іздегені мұжық пен қазаққа жаны ашып істеген іс емес,«мұжықты дворяннан жігін бөліп, аулақ қонсын» деп істеген амал.

Қаңғырған, құдай соққан, бұрынғы түбірімен құлаған ескі өкімет жоғарыда айтылған саяси амалын жүргізіп, мұжық пен қазақ арасына от жақты: қазақ болсын, мұжық болсын, жер десе дір ете түседі.

Жергілікті комитеттер жер туралы күнде болатын ұрыс-талас, жанжалға бас алқа етіп, жердің мәселесі «Учредительное собраніе»-де шешілгенге екі жақты татуластыра тұрады.

Бостандық, құрдастық, туысқандықтың екі зор жауабы бар: бірі біздің мемлекетпен соғысып жатқан сыртқы жау. Бұл біздің әскерді жықса, бізге Николайды қайта қояды. Біз сонда баяғы таз қалпымызға түсеміз.

Екінші жау – майданда әскер сыртқы жаумен алысып жатқанда, арттағы жұрттың таласып-тартысып бүлінгені. Арттағы ел бүлінсе, әскер тамақсыз қалады, жау біздің әскерді қайыруға жұрт бүлігі себеп болады. Жұрт бүлінсе де Николай қайта қайтпақ.

«Жер, жер» дегенде мұжық та, қазақ та ішкен асын жерге қояды. Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң. «Учредительное собраніе»-ге шейін жұрт шыдап, татулық қылған ғұмыр – жұртымыздың ілгері тілегіне жөн.

Қыр баласы.

«Қазақ» газеті, №227, 1917 жыл. Орынбор

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.-Астана, 2018  

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар