Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Үкімет отставкаға кетеді»: Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды ауыс-түйіс туралы хабарлады

14:37, 23 тамыз 2026

Қазақстанда жаңадан жасақталған Құрылтай жұмысын бастаған соң Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады және оның құрамында ауқымды кадрлық ауыс-түйістер орын алады, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлау барысында дауыс беріп болғаннан кейінгі брифингте мәлім етті. Ел Президенті қазіргі Атқарушы билік өкілдерінің жүктелген міндеттерді орындауда белсенділік танытып жатқанын алға тартып, олардың жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ қазіргі таңда Министрлер кабинетіне сын айтуға немесе оның жұмысына алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін атап өтті.

Дегенмен заң талаптарына сәйкес сайлау қорытындысы бойынша Үкіметтің отставкаға кететінін ескерткен Мемлекет басшысы:

«Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ», — деді.

Мемлекет басшысы кадрлық ауыс-түйісті жүйелі жұмысқа өң беретін заңды әрі қалыпты процесс деп санайды. Сонымен бірге Президент тек қызметтен босату үшін немесе медиадағы жай ғана ақпараттық контент пен резонанс үшін адамдарды ауыстыруға қарсы екенін кесіп айтты. Кадрлық шешімдер ең алдымен елдегі үздіксіз жүруі тиіс жаңғыру процесіне тың серпін беруі қажет.

Осы ретте Президент:

«Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет», — деп өз сөзін түйіндеді.

Елдегі кешенді жаңғыру үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз етуде Үкімет негізгі әрі жауапты рөлдердің бірін атқаруды жалғастырмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар