Солтүстік Қазақстан облысындағы Полтавка ауылында қыркүйек айында болған сұмдық оқиға бойынша сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Үйді әдейі өртеп, үш адамның тірідей жанып кетуіне себеп болған басты күдікті 50 жастағы Василий Буграков 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға қарапайым дастархан басындағы жанжалдан басталған. Әйелінің қонаққа келген ер адаммен сөйлескеніне қызғанған Буграков алдымен үйдің есігін балтамен тіреп, сыртынан капрон жібімен байлап тастаған. Сол арқылы үйдегілердің сыртқа шығуына әдейі кедергі келтірген. Кейін есік алдына ағаш қабығын қойып, шақпақпен от қойған.

Өрттен 57 жастағы әйел, оның 46 жастағы күйеу баласы және қонаққа келген 34 жастағы азамат қаза тапты. Сараптама олардың жоғары концентрациядағы түтіннен уланып, сол жерде жан тапсырғанын анықтады.
Бұл сұмдық трагедиядан аман қалған жалғыз адам — үй иесінің қызы. Оны көршісі жалындаған үйдің терезесін бұзып кіріп, соңғы сәтте құтқарып қалған.