Журналист Аян Шәріпбаев ҚазТАГ жарияланымдары салдарынан кәсіпкер Тимур Турловтың холдингіне келтірілді делінген шығын көлеміне қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.KZ сайты Жас алашқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл сома бұған дейін ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов айтқан уәждермен үндес келеді. Қасенов қаржылық есептіліктегі деректер мен Қазақстанда мәлімделген шығын мөлшері арасында айтарлықтай қайшылық болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Шәріпбаевтың сөзінше, 1 маусымда Турловтың холдингі АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) жылдық есебін тапсырған. Құжатта компанияның бір жылдағы таза пайдасы рекордтық 153 миллион доллар болғаны көрсетілген.
Журналистің мәлімдеуінше, осы кезеңде Турлов Қазақстан полициясына арыз жазып, ҚазТАГ басшылары Асет Матаев пен Әмір Қасеновтің жарияланымдары компанияға 613 миллион доллар көлемінде шығын келтіргенін көрсеткен.
Шәріпбаев бұл шамамен 320 миллиард теңгеге тең екенін атап өтті. Оның пікірінше, егер мұндай көлемдегі шығын рас болса, онда ол компанияның қаржылық есептерінде көрініс табуы тиіс еді. Алайда АҚШ реттеушісіне ұсынылған есепте мұндай шығындар немесе резервтер көрсетілмеген.
Журналист осыған байланысты компанияның АҚШ-тағы қаржылық есептілігі мен Қазақстандағы құқық қорғау органдарына берілген мәліметтері арасында сәйкессіздік болуы мүмкін деген болжам айтты.
Оның айтуынша, егер SEC-ке тапсырылған есепте жалған ақпарат берілгені дәлелденсе, АҚШ-тың Сарбейнз–Оксли заңының 906-бабына сәйкес жауапты тұлғаға 1 миллионнан 5 миллион долларға дейін айыппұл салынып, 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Ал егер мәлімделген шығын көлемі расталмаса, онда Қазақстан заңнамасындағы жалған ақпарат беру немесе көрінеу жалған арыз беру фактілеріне қатысты сұрақтар туындауы ықтимал. ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабында мұндай әрекет үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.