Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) саммиті аясында ұйымдастырылған мерекелік концертте Түркі елдерінің басшылары Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Саммитке қатысушы мәртебелі меймандар мен Мемлекет басшылары түркі әлемі өнер шеберлерінің салтанатты концертін тамашалады. Кеш барысында «Түркі әлемі» ансамблі мен Түркия Республикасы Президенттік симфониялық оркестрі ұйымға мүше мемлекеттердің ең таңдаулы музыкалық шығармаларын орындады. Сондай-ақ құрметті қонақтардың назарына түркі халықтарының ұлттық билері ұсынылды.
Айтулы мәдени шарада түркиялық танымал әнші Кырач пен қазақстандық өнер жұлдызы Димаш Құдайберген сахнаға шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазақ әншісінің өнерін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзге де бауырлас мемлекеттердің басшылары зор ықыласпен тамашалады.
Концерт аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Димаш Құдайбергенмен арнайы кездесіп, пікірлесті. Сонымен қатар, басқа елдердің басшылары да әншінің сирек кездесетін дарынына сүйсініп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.