Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Турашыл, мысы басым": Әлихан Бөкейханның мінезі қандай болған?

15:35, 11 наурыз 2024 782

Алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай Ұлт көсемінің мінезін былай сипаттайды:

- Әлихан Бөкейхановтың үш түрлі мінезін ерекше атап өтуге болады. Біріншісі әрі ең бастысы - ол кісінің турашылдығы. Пікірін айтуда ешкімнен жасқанып, тайсалмайтын батылдығы. Мысалы, тергеушілер Әлекеңді жауапқа тартып: «Сіз «Алашорданы» білесіз бе?» - деп сұрақ қойғанда: «Маған «Алашорданы» білесіз бе, - деп сұрақ қойма. Мен -«Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» Кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашан да жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш», - деген мазмұнда жауап берген. Қай тергеуші «Ленинді мойындамаймын» дей алсын.

Екіншісі, Бөкейханов болмысының салауатты, алдына келген жанның мысын басатын өзгеше жаратылыс иесі екендігі. Бұл жайлы Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова естеліктерінде ашық жазған.Тіпті тұтқындауға келген Мәскеудің үлкен лауазымды тергеушілерінің өзі тұтқындайтын кезде артық мінез көрсете алмаған. Лиза Әлиханқызы Бөкейханова былай деп еске алады: «Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл Мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», - деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» - деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» - деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы» - деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым. Әкемнің салауаты оларды еш оғаш қылық көрсетуге мүкіндік бермеді». Бұл әңгімені Лиза Кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген. Әлекеңді көрген адамдар: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді», - дейді екен. Әлекең өзінің сырын санаулы ғана адамдарға айтқан. «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын», - дейтіні сол.

Үшінші қасиетін айтар болсақ, сондай Ұлы тұлға нәзік жанды, адамдарға бауырмал, жаны ашығыш, сезімтал болған. Лиза Бөкейханқызы: «Әкем Смағұл қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өзі барып, оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорииге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты», - деп еске алады. Менің ойымша Бөкейханов Смағұл Сәдуақастың қазасына тек күйеу баласы ретінде қабырғасы қайысып отырған жоқ, өз идеясын, Алаш идеясын алға апаратын үмітті шәкіртінен айырылған ауыр қайғыдан егілді. Алаш идеясы өлген сияқты көрінді. Міне, осындай жаны нәзік адам. Кез-келген жағдайда мысқылмен, қалжыңмен қарсы алатын Әлихан Бөкейханов осы бір Алаш идеясын ақсатпай атқарады деген азаматы жазықсыз қазаға ұшырағаны жанына батты.

Демек, Алаш идеясына келгенде Әлихан Бөкейханов өзінің өмірін арнауға, күресуге бар. Ал идеяны жүзеге асыратын тәсілге келгенде сондай нәзік әрі уайымшыл. Осы үш мінез Әлихан Бөкейхановтың күрескерлік тұлғасынан бөлек, адами болмысын тереңірек танытады.

Дереккөз: Abai.kz

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар