Жаңадан құрылған Ұлттық құрылтай құрамына 117 адам енді. Олардың қатарында ақын Мұхтар Шаханов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, парламент мәжілісінің төрағасы, биліктегі "Аманат" партиясы жетекшісі Ерлан Қошанов, экс-министр Әлихан Бәйменов, "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев, "ДАТ" оппозициялық басылым редакторы Ермұрат Бапи, Қазақстан президенті телерадиокешені директоры Нұрлан Қоянбаев, Qazaqstan мемлекеттік телеарнасының бас продюсері Мақсат Толықбай, "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев, Қазақстан халық партиясының төрағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Ермұхамет Ертісбаев, адвокат Айман Омарова, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Танысбай, "Хабар" агенттігі басқарма төрағасы Берік Уәли, билік партиясынан парламент мәжілісіне тағайындалған депутаттар Айдос Сарым мен Ерлан Сайыров және басқалар бар.
Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай құрамына өңірлердегі қоғамдық кеңестердің әрқайсынан бір өкіл, сонымен бірге саяси партиялар, бизнес, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқығы мен өзге әлеуметтік топтардың ірі бірлестіктерінен өкілдер енгенін айтты.
Оның сөзінше, Ұлттық құрылтай "жалпыұлттық құндылықтарға негізделген қоғамның бірігуін одан ары дамытуға бағытталған ұзақмерзімді сипаты бар мәселелерді талқылайтын" алаң болмақ.
Ұлттық құрылтай Қазақстан президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган және оның құрамы жөніндегі ұсыныстарды президент әкімшілігі дайындайды деді Қарин. Ұлттық құрылтайдың отырыстарына тек оның мүшелері қатысады.
Тоқаев Ұлттық құрылтай туралы алғаш рет наурызда Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеген.
Бүгін Ұлттық құрылтай құру туралы шығарған жарлығымен Тоқаев 2019 жылы маусымда президент болып сайланғаннан кейін өзі құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін таратты. Ол кеңеске мүше болғандардың көбі Ұлттық құрылтай құрамына енді.
Бірқатар қоғамдық ұйымдар өкілдері, құқық қорғаушылар мен белсенділер Ұлттық құрылтай құрамына билікке сыни көзқарастағы, қоғамды демократиялық жолмен дамытудың балама бағдарламасын ұсынатын күштердің енбей қалғанына назар аударады. Билік айтып отырған диалогқа оларды қатыстырмайтын болса, бұл да осыған дейін үлкен дабырамен дүниеге келіп, кейін жым-жылас жоғалған бастамалардың кебін киеді дейді сыншылар.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 16 маусымда Ұлытауда өтпекші.