Шымкентте сүт безіне филлер енгізген әйелдің денсаулығында асқыну пайда болды. Бұл туралы УДЗ дәрігері әрі маммолог Жанара Бахтияровна мәлімдеді, деп жазады Alash.kz
Маманның айтуынша, пациент медициналық көмекке сүт безінің қызарып, ісініп, қатты ауырсынуына байланысты жүгінген. Ультрадыбыстық тексеру барысында филлер енгізілген аймақта өзгерістер мен сұйықтық жиналғаны анықталған.
Дәрігер жиналған сұйықтықты, оның ішінде іріңді бөліндіні аспирация әдісімен алып, кейін зақымданған қуысты антибиотик ерітіндісімен өңдеген. Қазір әйел дәрігерлердің бақылауында, оның жағдайы динамикада бағаланып жатыр.
Маммолог сүт безіне филлер енгізуді қауіпсіз косметикалық процедура деп қабылдауға болмайтынын атап өтті. Мұндай араласу қабыну, инфекция және гранулема сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар филлер кейінгі диагностикалық тексерулердің нәтижесіне әсер етуі ықтимал.
Маман процедурадан кейін сүт безінде ауырсыну, қызару, ісіну немесе қандай да бір бөлінді байқалса, уақыт өткізбей маммологқа қаралуға кеңес берді.
«Сүт безі – тәжірибе жасайтын жер емес», – деп ескертті дәрігер.