Атырау облысында былтыр 14 желтоқсан күні достарымен аңға шығып, 5 күннен кейін өлі табылған 61 жастағы Өтебай Сабировтің қазасына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Марқұмның қызы желідегі парақшасында әкесінің өлімі жайлы тың деректерді жария етті.
«Ең біріншімен жазғым келетіні – менің әкем аңшы емес еді. Бұл бірінші және соңғы рет аңға шыққаны болатын. Ол осы аңышылыққа қарапайым «комбезбен», үйдің күнделікті етігімен аспаз болып барды, Қасында екі адам оны жақсы біледі.
Экспертиза шықты. Жүрегі ұстап немесе суға тұншықпаған, уақыт өте келе тоңып қайтқан. Олардың айтуынша, әкемді сағат үштен кете бастап іздеген, яғни 4 сағаттан кейін. Видео бойынша әкем 15 желтоқсан сағат 11:19-де күндіз кетіп бара жатқан.
Өкінішке орай менде әлі де нақты ашық анық жауабы жоқ сұрақтар көп. Әкемнің қасында болған «досы» сосын сол досының күйеу баласы және әкем үш кісі болды. Мен бұл екі кісінің бір нәрсені жасырып отырғаның білемін.
Қанша уақыт өтті?! Өз қалауыммен кешірім сұрап келген адам жоқ, әкемнің досын үйге бата оқып келген ұжымдастары алып келді, қасындағы күйеу баласы келмеді. Сол досы іздеу барысында 300 метр жүрмеген. Соңғы рет әкемді көрген жерге бармаған. Ол қалай?
Аяқтарында резеңке етік тізеге дейін, мен өзім ол кісіден «сіз жүрдіңіз бе?» деп сұрадым. Ол «100 метр жүрдім, арқарай тобыққа дейін келетін су болды, суға кірмедім» деді. Батып кететін су емес.
Бір нәрсе жасырып отырғандары анық! Көріп тастап кетті ме шошып, әлде ұйықтап қалып кеште өздері бір тұрды ма екеуі, әлде басқа бірдеңе болды ма бір Аллаға және өздеріне мәлім», - деп жазды марқұмның қызы.
Еске сала кетейік, ТЖД жоғалып кеткен 1964 жылы туған Өтебай Сабировты 19 желтоқсан күні сағат 15:10 шамасында іздестіру тобы Каспий теңізі жағалауына жақын орналасқан «Ботахан» кен орнынан өлі күйінде тапқан болатын.
«Төтенше жағдайлар департаментіне хабар түскен сәттен бастап іздеу-құтқару жұмыстары жедел басталды. 16 желтоқсан күні «Ботахан» кен орнынан 30 шақырым қашықтықта УАЗ маркалы автокөлік табылғанымен, көлік ішінде жоғалған азамат болмаған. Кейін әуеден барлау жүргізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы тартылып, 20 шақырым радиуста аумақ тексерілді», – деп хабарлады облыстық ТЖД өкілдері.