Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Спорт саласына бөлінген қыруар қаражатты талдаған Антикор бірнеше бұзушылықты анықтады

15:39, 07 қазан 2024 354
Қазақстанның спорт саласына соңғы алты жылда шамамен 1,4 триллион теңге жұмсалған. Ал биыл және алдағы екі жылға бюджеттен тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл, мәселен спорттық көрсеткіштері бізден екі есе жақсы Нидерландыдағы осы салаға бөлінген қаражаттан бірнеше есе артық, деп хабарлайды Alash.KZ.

Бұл мәліметтер 2024 жылы 7 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сыртқы талдауында келтірілген. 

Сырты талдау мәліметінше, спорт саласын қаржыландыруда 2018 жылы 165 млрд теңге, 2019 жылы 204 млрд теңге, 2020 жылы 177 млрд теңге, 2021 жылы 223 млрд теңге, 2022 жылы 296 млрд теңге, 2023 жылы 340 млрд теңге бөлінген. Ал биыл және алдағы екі жылға бюджеттен тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр.

"Қазақстан спортына жоғары жетістіктердің ақшалай "құйылу" көлемі осы мақсаттарға бөлінетін Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) бюджеттерінен бірнеше есе артық", делінген талдауда.

Соған қарамастан, Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша медальдық есепте төменгі орында келеді. Атап айтқанда, 2020 жылы – 83 орын (8 қола медаль), 2022 жылы – 0 медаль, 2024 жыдлы – 43 орын (1 – алтын, 3 – күміс, 3 – қола)) және Дүниежүзілік спорт рейтингісіндегі көрсекіштері де көз қуантпайды: 2014 жылы – 25-орын,2018 жылы – 47-орын, 2023 жылы - 42-орын.

"Бұған себеп - мемлекеттік қаражатты ұтымсыз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдері негіз. Оның үстіне отандық спортты дамытудың қолданыстағы саясаты отандық спортшыларды тиімді даярлауға бағытталмаған. Яғни, шетелдік ойыншыларды пайдалану арқылы қол жеткізілген қысқа мерзімді жетістіктерге назар аударылады, ал жеке спорттық кадрларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жеткіліксіз болып отыр", делінеді зерттеу құжатында. 

 

Мысалы, тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдікті сатып алды, олардың әрқайсысы кейіннен өз еліне оралған, деп жазды  Dalanews.kz.

"Қазақстанның бұқаралық спортқа жұмсаған шығыстары жоғары жетістіктер спортына қарағанда 9 есе аз (35 млрд теңгеге қарсы 340 млрд теңге). Мысалы, халқы аз Нидерландыда (17,8 миллион) бұқаралық спортқа жұмсалатын шығындар кәсіби спортқа (246 миллион доллар) қарағанда екі есе көп (497 миллион доллар). Сонымен қатар, бұл елдің спортшылары Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетуде.Нидерландымен салыстырғанда Қазақстан жоғары жетістіктер спортына үш есе көп, ал бұқаралық спортқа 7 есе аз жұмсайды", делінген Антикор талдауында.

 

Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие екені де зерттеуде баса көрсетілген. Сондықтан жоғары жетістіктер спортында басым спорт түрлерінің болмауына байланысты танымал емес және нәтижесіз спорт түрлері қаржыландырылады.

"2023 жылы спорттың 31 түрінен бірде-бір медаль болмады. 2024 жылы қаржыландырылатын бағыттардың саны 141 түрге дейін өсті. Мәселен, жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан 44 түрді, қысқы спорт түрлері бойынша – 13 түрді дамытады. Жоғары жетістіктер спортының қаржыландырылатын бағыттарының шамамен 60%-ы Олимпиадалық емес бағыттарға жатады - 84 (141-ден). Жыл сайын бұл түрлерді дамытуға – 18 млрд теңге жұмсалады (2023 жылы олимпиадалық түрлерге – 296 млрд теңге, олимпиадалық емес түрлерге - 18, өзге шығыстарға - 11 млрд теңге)".

Талдау қорытындысында қазіргі заманғы спорт нысандарының жетіспеушілігі спортшыларды сапалы даярлау мүмкіндігін шектейтінін, бұл әсіресе спорттық нысандар жиі қолжетімді емес немесе қанағаттанарлықсыз жағдайда болатын аймақтарда байқалатыны айтылады.

"Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы кәдімгі жаяу жүргіншілер жолдары мен велосипед жолдарының тапшылығына бағытталған. Ал бұл кезде еліміз бойынша 374,2 мың шаршы метр жабық спорт ғимараттарының, 376,4 мың шаршы метр бассейндердің тапшылығы байқалады (Алматы, Астана, Түркістан және Алматы облыстарындағы ең үлкен тапшылық)", делінеді зерттеуде.

 

Зерттеу мәліметінше, Қазақстанда спорт кешендері мен футбол академияларын салудан гөрі спорттық ұйымдар ақшаны легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсайды. 

Мысалы, ең қымбат "Астана" футбол клубының өзінде өзіндік футбол академиясы мен инфрақұрылымы жоқ. Алты жыл ішінде (2018-2023 жж.) клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсапты. 

"Халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктеу тетігі қарастырылмаған. Жоғары жетістіктер спорт саласындағы процестер мүлде цифрландырылмаған. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге жоспарланған әзірлік әлі жүргізілген жоқ. Ал цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды іріктеуде бұрмалауға жол береді. Аталған факторлар салдарынан спорт кешендерін жалға алу, легионрлер ақысын асыра бағалау сынды істе өтірік, қағаз жүзінде рас есептердің түзілуіне түрткі", делінген талдауда.

Талдау қорытындысы бойынша спортты дамыту басымдықтарын қайта қарау, бұқаралық және балалар спортына бюджетті ұлғайту, қаржыландыруды орталықтандыру, өз инфрақұрылымын және балалар академияларын дамыту, сондай-ақ цифрландыруды енгізу бойынша ұсыныстар енгізілді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар