Түркістан облысының Ордабасы аудандық сотында өзінің жұмыстан босатылуына қарсы ұзақ уақыт бойы құқықтық дау жүргізген бұрынғы педагог сот шешімі шыққаннан кейін өзін жарақаттады, деп жазады Alash.kz.
Жалпы педагогикалық еңбек өтілі 24 жылға жуықтайтын ер адам бұған дейін де еңбек шартының тоқтатылуын заңсыз деп санап, бірнеше инстанцияларға шағым түсіріп келген.
Кезекті сот отырысы барысында оның іс-әрекетінде сотты құрметтемеу белгілері анықталып, үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ер адамға бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы кесілген. Осы үкім жарияланған бойда ол сот ғимаратының ішінде өзіне дене жарақатын салған. Оқиға орнында зардап шегушіге шұғыл медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқыс жағдайдың толық мән-жайын зерттеп жатыр.