Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы танымал боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты апелляциялық шағымды қарап, бұрын шығарылған үкімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 27 қаңтарда Қарағанды қаласының Майқұдық ауданында орын алған. Сотталған азаматша атасына көрсетілген қорлықтың мән-жайын анықтамақ болып, екі әйел тұратын пәтерге барған. Соңы жанжалға ұласып, ол екі пәтер иесіне де күш қолдану арқылы дене жарақатын келтіріп, ауырсыну тудырған.
Бірінші сатыдағы сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Ұрып-соғу») бойынша кінәлі деп танып, 100 АЕК мөлшерінде, яғни 432 500 теңге айыппұл салған болатын. Бұған қоса, сот әрбір жәбірленушіге 500 мың теңгеден моральдық өтемақы төлеуді және заңды өкілдің қызметіне жұмсалған 1 миллион теңге шығынды өтеуді міндеттеді.
Сотталған тараптың қорғаушысы аталған шешімге келіспей апелляциялық шағым түсіргенімен, сот алқасы бірінші сатыдағы сот қорытындыларын заңды әрі негізді деп таныды. Сөйтіп, үкім өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.