Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Соғысты тоқтатуды талқылауға кірісейік»: Оңтүстік Корея Президенті әлем күтпеген тоқтамға келді

18:17, 16 тамыз 2026

Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён КХДР тарапына Корей соғысын ресми түрде аяқтау бойынша келіссөздерді бастауды және солтүстіккореялық ядролық бағдарламаның өршуін тежеу амалдарын қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл бастаманы оңтүстіккореялық көшбасшы 15 тамыз күні Кореяның жапон отаршылдығынан азат етілуінің 81 жылдығына арналған салтанатты жиында ортаға салды.

«Бір-бірімізге қауіп төндіру ниетінен бас тартып, тікелей қатысушы тараптар ретінде созылып кеткен соғысты тоқтатуды талқылауға кірісейік. Бұл үдеріс барысында біз Солтүстіктің ядролық әлеуетін дамытуды тоқтатудың тиімді жолдарын да талқылай аламыз», – деді Ли Чжэ Мён.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Оңтүстік пен Солтүстік Корея қағаз жүзінде әлі де соғыс жағдайында қалып отыр, өйткені 1950-1953 жылдардағы қарулы қақтығыс бейбіт келісімшартпен емес, тек уақытша бітім келісімімен шектелген болатын.

Осыған байланысты Оңтүстік Корея басшысы Корей түбегінде қалыптасқан бітім режимін толыққанды бейбіт жүйемен алмастыруға ниетті екенін жеткізді.

Ли Чжэ Мён екі тарапты да текетіресті доғаруға үндеді.

«Оңтүстік пен Солтүстік Корея бейбіт қатар өмір сүру мен өзара даму үшін келіссөз үстеліне отырады деп үміттенемін», – деп мәлімдеді ол.

Дегенмен Пхеньян Сейулдің сұхбатты қайта жандандыруға бағытталған бұрынғы қадамдарына әлі жауап бере қойған жоқ. Соған қарамастан, Ли Чжэ Мённің әкімшілігі КХДР-мен диалог орнату әрекеттерін тоқтатпайтынын білдірді.

Сондай-ақ Оңтүстік Корея президенті аймақтағы шиеленісті реттеп, дағдарыстың алдын алуға септігін тигізетін «көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесін» қалыптастыруды қолдады. Оның пайымдауынша, Корей түбегіндегі тыныштық бүкіл Солтүстік-Шығыс Азия аймағындағы тұрақтылық пен ынтымақтастыққа оң әсер етеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар