Швециядан Қазақстанға 2018 жылғы банк қаражатын ұрлау ісіне қатысты фигурант экстрадицияланды, деп хабарлайды Alash.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарламадан белгілі болғандай, Бас прокуратура, ІҚБ Интерпол қызметкерлері және ҚР СІМ-нің қолдауымен Швециядан Қазақстан азаматы аса ірі көлемде ақша ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында елге жеткізілген.
2018 жылы күдікті екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасындағы жүйелік қателіктерді пайдаланып, өзінің банктік шот балансына қарағанда үлкен сомада жалған аударымдар жасаған. Нәтижесінде банк 55 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыраған.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті жоғалып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл ол Швеция корольдігінде қолға түсіп, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазақстанның Қылмыстық кодексі бойынша аса ірі көлемде қаражат ұрлағандар бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін және мүлкі тәркіленеді.
Бас прокуратура атап өткендей, Швециямен ресми экстрадиция келісімінің жоқтығына қарамастан, 2023 жылдан бері сол елден Қазақстанға төрт адам экстрадицияланған, оның ішінде жалған ақша жасау мен алаяқтыққа қатысты істер бар.