Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров дебаттағы даулы мәлімдемесіне қатысты түсініктеме беріп, қоғамда үлкен пікірталас тудырған сөзіне Абайдың қара сөздерінен дәйек келтірді, деп хабарлайды Alash.kz.
«Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы» деген бір ауыз сөзім үлкен пікірталасқа айналыпты. Біреулер сөздің мәніне емес, «мал» деген бір сөзге жармасып жатыр екен. Ендеше, Абайдың өзіне жүгінейікші.
Абай қазақты түзеуге қам жеген адамға екі нәрсе керек дейді: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбiр жолда үйретушілерге беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.
Екінші - ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді».
Мәселенің түйіні осы.
Мал - мақсат емес, мүмкіндік. Дәулет - ақыл емес, бірақ ақылдың біліммен шыңдалуына жол ашатын құрал. Құнанбайдың дәулеті Абайға талант берген жок. Бірақ сол таланттың ашылуына қажетті білімге, ортаға, мүмкіндікке жол ашты.
Қазақ тарихында да ауқатты азаматтар мектеп ашып, баспасөз бен ағартушылықты, елдік істерді қаржыландырды. Кеңес өкіметінің тәркілеуді ең алдымен ірі байлардан бастауы да тегін емес. Өйткені дәулет - экономикалық дербестік, мүмкіндік және ықпал еді.
Сондықтан «Құнанбайдан да байлар болды, неге бәрінен Абай шықпады?» деген уәж әлсіз.
Мал талант тудырмайды - талантқа мүмкіндік береді. Ақша ақыл бермейді - білімге жол ашады. Байлық адамды ұлы етпейді - бірақ дұрыс жұмсалса, ұлы мұратқа қызмет етеді. Сондықтан сөзді бұрмалаудың қажеті жоқ.
Сіздер Айдарбектің емес, Абайдың сөзін бұрмалап жатсыздар.
Ал «есепсіз бай боларға керек» деген сөзбен келіспесеңіздер - Айдарбекпен емес, ар-ұятты ысырып қойып Абай атамызбен дауласыңыздар.
Айта кетейік, YouTube желісіндегі тікелей эфирде өткен сайлауалды дебат кезінде Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров салық пен бизнесті қолдау тақырыбын талқылау орнына өз оппоненті, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Дания Еспаевамен сөз таластырамын деп, қоғамда үлкен дау тудырған мәлімдеме жасаған болатын.