Көкшетау іргесіндегі Қайыңды ауылының маңында елік аулауға шыққан алты аңшының саяхаты сұмдық ажалмен аяқталды. Саятшылық кезінде қару абайсызда атылып, 64 жастағы Владимир Смирнов алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Белгілі болғандай, 43 жастағы Вадим Журавков аң аулау кезінде алға озып кеткен. Қуғын сәтінде оның МЦ-21 маркалы мылтығының шүріппесі ағаш бұтағына ілініп кетіп, оқ артында келе жатқан серігіне тиген. Оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көрген жергілікті тұрғын, аңшы Ұлықбек Өміржанов оқиғаның мән-жайын былайша баяндады:
«Бес-алты адам. Мылтықтары бар. Бірінен соң бірі атылған ғой. Менің естуім бойынша, ағашқа шүріппесі басылып қалған. Сонда артында келе жатқан адам оққа ұшқан. Өліп қалғанын көрдім. Кеудесінен бірнеше рет тиген», — деді куәгер.
Куәгердің айтуынша, аңшылардың бәрінде арнайы рұқсат қағаздары болған және олар ішімдік ішпеген. «Туполевское» аңшылық шаруашылығында елік көп болғандықтан, бұл маңға саятшылар жиі келеді. Алайда ауыл тұрғындары мұндай сұмдық жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтады.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары қайғылы оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастап кетті.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қару иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеуде анықталады», — деді Ақмола облысы полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.