Щучинск қаласындағы «Палау орталығы Loft» кафесінде орын алған атышулы жарылысқа қатысты сот процесі аяқталып, үш айыпталушыға қатысты түпкілікті үкім кесілді, деп хабарлайды Alash.kz.
12 адамның өмірін қиып, 11 адамды түрлі жарақатқа ұшыратқан оқиға бойынша кафе жалға алушысы мен жанармай бекетінің директоры 7 жылға, ал газ баллонын тасымалдаушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот кафе жалға алушысына үш жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында қызмет етуге тыйым салып, жәбірленушілердің пайдасына 1 миллионнан 4 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде өтемақы өндіру туралы талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы тамақтану орнында газ баллонының жарылуы салдарынан болған еді. Бастапқыда оқиға орнында алты адамның қаза тапқаны хабарланғанымен, кейіннен көз жұмғандар саны екі есеге көбейді.