Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шарасыздықтан өзен суын бердік»: Кішкентай балалармен су ортасында қалған екі отбасы қалай аман қалғандарын айтты

14:32, 21 сәуір 2024 721

Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан далалықта мал бағып күн көріп отырған екі бірдей отбасы шиеттей бала-шағасымен бірге су ортасында қалған. Отбасын аман сақтап қалу үшін су кешіп, жан сауғалаған жандар тіпті ашығып, су сұраған балаларға өзен суын беруге мәжбүр болыпты. Отбасы мүшелері басынан кешкен шым-шытырық оқиғаны баяндап, қалай аман қалғанын айтып берді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы NUR.KZ-ке сілтеп.

Оқиға Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылдық округіне қарасты Белшер елді мекені маңындағы шаруа қожалығында болған. 14 сәуір күні су тасқынынан бас сауғалаған екі отбасы қожалықтан өз көлігімен шығып, Белшер ауылына жете алмай қалған. Солардың бірі - көпбалалы келіншек Гүлбағдат Бақсиыққызы. Үш айлық баламен 7 сағаттан аса уақыт далада жүрген әйел басынан өткен оқиғаны баяндап, көз жасын тоқтата алмады.

"Белшер ауылы маңындағы шаруа қожалығында екі жылдан бері мал бағамыз. Себебі ауылда жұмыс жоқ. Кешегі тасқын кезінде бізге "Белшерге жетіңдер, тікұшақпен сол жерден алып кетеді" деген хабар келді. Қожалық ауылға жақын болғанымен су тасығаннан кейін тек айналма жол қалды. Онымен 2-3 сағатта жетесің. Ол жолдарды да су басып тастаған. Өтеміз дегенде көлігіміз су ортасында тұрып қалды. Балаларымызды көтеріп, суды кешіп шықтық. Машинаны әрі- бері итеріп, шығара алмадық. Үстіміз малмандай су болды. Ауылдағы әкімдіктегілерге көліктің суда қалғанын айтып хабарластық. Олар тегістеу жерде тұрыңдар, тікұшақ қона алмайды деген соң балаларды ертіп, екі шақырым жердегі мұнараның қасына жаяу бардық. Қолымда үш айлық бөпе, екі үйдің алты баласы бар. Балалардың бәрі кішкентай. Көрші келіншек екеуміз тамақсыз, сусыз жылаған балаларды алдап, жұбатып жүрміз. Шарасыздықтан өзен суын бердік. Сөйтіп жүргенде интернет жоғалып кетті", - деді көпбалалы ана Гүлбағдат Бақсиыққызы. 

Екі келіншектің күйеуінің бірі ауылмен байланысқа шығу үшін интернет іздеп қыр асып кетсе, екіншісі шаруашылық басындағы мотоциклді әкелуге кері қайтқан.

"Біз де шаруашылық басына жұмыссыздықтан бардық. Жолдасым екеумізге мал бағудан басқа жұмыс табылмады. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап мал ауылда тұрамыз. Үш балам бар. Үлкеніміз мектеп жасында. 3 және 1,5 жастағы бөпеміз бар. Кешегі тасқында қиналып кеттік. Бізге "шаруашылықта отырғандар өздерің ауыл орталығына шұғыл жетіңдер" деп хабарлады. Жолдасым мен көрші келіншектің күйеуі түн ішінде ауылдан жанармай әкелуге кетті. Себебі машинамызда бензин болмады. Шаруашылықтың қасынан өтіп жатқан су түнде өткенде тізеден келген. Ал таңғы сағат 7:30-да бізді алып өткенде су деңгейі белден келді. Сол судан таңертең сағат 8 шамасында кешіп өттік. Содан түстен кейін сағат 4:30 шамасында ғана тікұшаққа міндік. Су жоқ, тамақ жоқ. Өзеннен баланың сүт ішетін бөтелкесімен су алдық. Бізге ауылға келген тікұшақ басқа жаққа кетіп бара жатқандай көрінді. Басымдағы қызыл ала орамалды шешіп, айқайлап жүгірдім. Олар келгенде бізді басында көрмегенін айтты. Орамалды қозғалтқанды байқаған", - деді оқиғаны жылап еске алды екінші кейіпкеріміз Дәметкен Есбусинова.

Қазір екі отбасы да Ырғыз ауданы орталығындағы мектепте жеткізілген. Қос отбасының отағасы да ауылға бөгет жасау жұмыстарына кеткен. Аудан әкімдігі бұл жағдайды былай түсіндірді. 

"Түрлі жағдай болып жатыр. Барлық жерге баруға техникалық мүмкіндік болмай қалуы мүмкін. Эвакуациялық жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ малына қарайлап, тікұшаққа мінбей қалатын адамдар әлі де бар", - деді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.

Ақтөбе облысының төтенше жағдай жарияланған Ырғыз ауданында қауіп әлі де сейіле қоймады. Мұндағы екі ауылдың жарты бөлігін су басқан. Тәуіп, Жайсаңбай, Құйылыс ауылдарында күшейтілген түрде бөгет салу жұмыс жүріп жатыр.

"Нұра және Мамыр ауылдарының бір бөлігін су басып қалды. Мамыр ауылында бар болғаны бір көше бар. Онда төменгі жақтағы 10 үйге су кірді. Нұрада 34 үйге су кірді. Ауылдағы әкімдік ғимараты, клуб, кітапхана және мектеп те суда тұр. Техникалық сараптама жасау әзірге мүмкін емес. Судың деңгейі жоғары. Ауылдың үш жағы суда қалған. Аудандық маңызы бар Ырғыз-Нұра, Ырғыз-Құйылыс бағытындағы жолдар тасқын кезінде зақымданды. Нұраның жолын жолын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Су жырған жолдар реттеледі", - деді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар