АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғысқа қатысты ұстанымына байланысты НАТО-дағы одақтастарын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Alash.kz.
20 наурыз, жұма күні Truth Social желісінде жариялаған жазбасында ол серіктес елдердің мұнай бағасының қымбаттауына шағымданатынын, алайда Ормуз бұғазын ашуға көмектескісі келмейтінін атап өткен. Трамптың пікірінше, бұл — «тәуекелі аз, қарапайым әскери қадам».
Ол одақтастарын «ҚОРҚАҚТАР» деп атап, мұндай әрекетті АҚШ ұмытпайтынын ескертті. Сондай-ақ Трамп АҚШ-сыз НАТО-ны «қағаз жүзіндегі ғана ұйым» деп сипаттады.
Америка басшысы Аравия түбегі мен Иран арасындағы бұғаз арқылы кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін одақтастардан әскери қолдау сұраған. Алайда Германия мен бірқатар елдер бұл ұсынысты қолдамаған.
Осыған байланысты Трамп НАТО-ны «өте үлкен қателік жіберді» деп бағалап, Германия және басқа да елдердің ұстанымын «таңғаларлық» деп атады. Сонымен қатар ол АҚШ-қа одақтастардың көмегі аса қажет емес екенін де мәлімдеді.