АҚШ пен Израиль Иранның Каспий жағалауындағы негізгі портына жасаған соққысы тек әскери немесе саяси оқиға ғана емес — оның жаңғырығы өңірлік экономикаға, соның ішінде Қазақстанға да жетуі мүмкін, деп жазады Alash.KZ.
Бұл туралы пікір білдірген Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Рақымбек Әміржанов жағдайды «жанама соққы» деп сипаттайды. Оның айтуынша, сырт көзге байқалмағанымен, бұл жағдай Ақтау теңіз сауда порты үшін нақты тәуекелдер тудырып отыр.
Мәселен, порт арқылы тасымалданатын құрғақ жүктің басым бөлігі — шамамен 95 пайызы — Иран бағытына жөнелтіледі. Бұл ағынның негізгі нүктесі — Тегеранға жақын орналасқан Энзели порты. Ал жүктің өзегі — ирандық құс фабрикаларына арналған арпа. Жыл сайынғы көлемі 1 миллион тоннаға жуық.
Осындай тәуелділік жағдайында Иран бағытындағы кез келген тұрақсыздық Ақтауға бірден әсер етеді. Әсіресе күз бен қыс айларында порттың қаржылық ахуалы әлсіреуі мүмкін. Оның үстіне, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі қосымша қиындық туғызуда: түбін тереңдету жұмыстары қажет, бірақ ол үшін алынған несиелерді өтеуге тұрақты жүк ағыны керек.
Басқа бағыттар да толыққанды балама бола алмай отыр. Мысалы, Баку бағытына мұнай тасымалы жылына 4 млн тоннадан аспайды — бұл шектеулі мүмкіндік. Қытайдан келетін контейнерлік тасымалдың тиімділігі де сұрақ тудырады.
Ал егер тек транзиттік қайта тиеу арқылы табыс табуға үміт артсақ, онда бәсекелестік күшейеді. Себебі Құрық порты қазірдің өзінде қуатты баламаға айналып келеді. Бұл аймақта Қазақстан темір жолы, «Семург», «Атасу» («Ерсай») сияқты бірнеше порт жұмыс істеп тұр, әрі тағы бір жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Қысқасы, геосаяси шиеленіс теңізден алыс жатқан елге әсер етпейді деу — қателік. Каспийдің арғы бетіндегі оқиға Ақтаудың экономикалық тынысына тікелей ықпал етіп отыр.