Атырау облысында жас фельдшердің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс соттың шешуші кезеңіне жетті. Бұл іс бойынша барлығы 19 адам айыпталушы ретінде жауапқа тартылып отыр, деп жазады Alash.KZ.
Айыпталушылардың басым бөлігі – 20 мен 25 жас аралығындағы жастар. Олардың қатарында жұмыссыз азаматтармен қатар, өндіріс орындарының қызметкерлері, жеке компанияларда еңбек ететіндер, тіпті заң саласында жұмыс істейтін тұлға да бар. Бұған дейін олардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың 16 тамызында қаладағы «Ляпиза» мейрамханасында өткен тойдан бастау алған. Кеш барысында екі жас жігіт арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Алғашында оларды сыртқа шығарып жібергенімен, көп ұзамай екі жақтың достары араласып, жанжал ушыға түскен.
Осыдан кейін «Жұмыскер» ықшамауданының жігіттері өздерін қорланғандай сезініп, «беделдерін қайтару» мақсатында бейресми көшбасшы ретінде танылған Д.А. есімді таныстарына хабарласқан. Нәтижесінде қарапайым жанжал алдын ала ұйымдастырылған қарулы қақтығысқа айналған.
Екі тарап алдын ала келісіп, кездесетін орынды белгілеп, қосымша адамдар жинай бастаған. Тергеу деректеріне қарағанда, олардың кейбірі жанжалды күш қолдану арқылы шешуге ниеттенген.
Түнге қарай жағдай одан әрі шиеленіскен. «Жұмыскер» жағынан шамамен 16 адам жиналып, өздерімен бірге аңшылық мылтықтар, шолақ қарулар және қолдан жасалған тапаншаларды алып келген. Кейін бұл қарулардың заңсыз сақталып, тасымалданғаны анықталған.
Қақтығыс түн ортасында «Химпоселок» ауданындағы Менделеев көшесі маңындағы бос жерде болған. Куәгерлердің айтуынша, атыс кенеттен басталып, маңайдағы тұрғындар қатты үрейге түскен. Қару қолданғандар айналадағы адамдардың қауіпсіздігін ескермеген.
Алғаш болып қарсы тарап оқ атқан. Бұған жауап ретінде Д.А. өз тобына қару қолдануға бұйрық беріп, нәтижесінде екі жақ арасында ашық атыс орын алған.
Сол атыс кезінде жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеген 23 жастағы фельдшер Азамат Асылбеков ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Қайғылы жағдайдан кейін күдіктілер қаруларды жасырып, қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған.
Іс аясында бір адам қаруды жасыру арқылы қылмысты бүркемелеуге көмектесті деген айыппен жеке қарастырылып жатыр.
Айыпталушыларға тағылған айыптар әртүрлі: олардың бір бөлігіне адамдар тобы болып кісі өлтіру, енді біріне бұзақылық, сондай-ақ қаруды заңсыз сақтау және алып жүру баптары бойынша айып тағылған. Сонымен қатар, іс ішінде ұйымдастырушы, тікелей орындаушы және қылмысты жанама түрде қолдаған тұлғалар да бар.
Қазіргі таңда күдіктілердің бір бөлігі тергеу изоляторында қамауда отыр, ал қалғандары үйқамақта. Қылмыстық іс мамандандырылған ауданаралық соттың қарауына жіберілген.