Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сана азаттығын Алаштың арыстарынан үйренген жақсы - Төлен Әбдік

17:47, 16 наурыз 2024 342

Біз – қазір тәуелсіз елміз. Тәуелсіздіктің негізгі символы – Алаштың азаматтары. Біз бұдан былай солардың өсиетіне арман-тілегіне сай өмір сүруіміз керек. Ел болған соң, халық болған соң, сол қоғамда саяси тұрғыда да, адамгершілік тұрғыда да, әлеуметтік тұрғыда да қандай да бір ориен­тир керек. Алдымызда бағытұстар, ту етер бір құндылық қажет. Ал, бізде ондай бағыт бар. Ол – Алаш, Алаштың қайраткерлері.

Алаштың қайраткерлері ең ал­дымен кісілік қасиеті биік, бірін бірі құрметтеп, қадірлеген. Олар – қазақтың азаттығын, ұлттық теңдігін саяси тұрғыда бірінші орынға қойған нағыз Азаматтар. Олардың аты та­рихта енді өшпейді. Ертең дүниеге бізден де гөрі ақылдырақ, бізден де гөрі парасатты ұрпақ келеді. Сол кезде олардың атақ-даңқын бізден де жоғары ұстайтын болады.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың дүниеден өткеніне жыл болғанда Алаштың азаматтары жиналып еске алыпты. Мағжан өлеңмен баяндама жасаған. «Алатаудай ақыныңнан айырылдың, қазақ, қанатыңнан қайырылдың, қазақ» деп баста­лады. Төралқада отырған Ахмет Байтұрсынов жаулықтай беторама­лын көзіне басып, жылап отырыпты. Сонда, бір-бір елдің тұтқасы деген азаматтарды бордай егілткен – бір-біріне деген бауырмалдық! Міне, біздің бүгінгі азаматтарға билікке, байлыққа деген махаббат емес, сондай кісілік керек! Бұл – сана азаттығының бір көрінісі. Өйткені, «бұл менің басшыма, менің ортама ұнамайтын адам еді, сондықтан, мүдде бірлігін, жанкүйерлігімді біліп қоймасын» деп, қалтыраса, нағыз құлдық сананың қаусырып тұрғаны сол! Сана азаттығын Алаштың арыстарынан үйренген жақсы.

Жазушы Төлен Әбдік,

 “Астана ақшамы” газетіне берген сұхбатынан

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар