Қызылжарда бірнеше күн ішінде екі бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті, деп жазды Alash.KZ.
Петропавл қаласында бірнеше күннің ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен екі кішкентай бала құлап, ауруханаға түсті. Екі оқиға бойынша да полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алғашқы оқиға 23 шілде күні Горький көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болған. Үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен төрт жасар ұл бала құлап кеткен. Зардап шеккен бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оған күрделі ота жасалған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.
Екінші оқиға Назарбаев көшесінде тіркелген. Бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен қыз бала құлап, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның бірнеше жерінен сүйек сынғанын анықтаған. Қазіргі уақытта бала травматология және ортопедия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы – орташа ауыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, екі дерек бойынша да оқиғаның мән-жайы анықталып, куәгерлерден жауап алынуда. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Ведомство кәмелетке толмағандардың мүддесін қорғау мақсатында тергеу аяқталғанға дейін қосымша ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Петропавлда мұндай қайғылы оқиғалар бұған дейін де тіркелген. Биыл 16 мамырда екінші қабаттың терезесінен тоғыз жасар қыз құлап кетсе, сәуір айында тағы екі бала биіктіктен құлап, түрлі жарақат алған.