Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қытайға бір метр жер бергізбеймін, осы айтқаным айтқан!". Нұрқаділов "Ақбұлақты" қалай аман алып қалды?

17:55, 18 қаңтар 2024 246


90-жылдарда «Ақбұлақ» шипажайы «ТұранӘлем Банкінің» қарамағында болатын. Мен шипажайдың директоры, бас дәрігері едім. «ҚР банкілерінің қызметі туралы» заңында банктердің тек қана қаржы айналымынан басқа жағдайлар арқылы өздеріне кіріс кіргізіп, табыс табуына тыйым салынған. Ұлттық банктің шешімімен «ТұранӘлем» «Ақбұлақты» сататын болып, бір жыл бойына газеттерге жарнама хабарландыру жасады.

1998 жылдың аяғы болатын. «Қытай делегациясымыз» деп, қастарында аудармашылары бар екі қытай азаматы келді. Қысқасы, қытайдың сауда-саттықпен айналысатын компаниясы «ТұранӘлем» банкімен келісімшартқа отырып, «Ақбұлақты» сатып алатын болыпты. Құнын бір миллион долларға бағалап, жарты ақшасын төлеп те қойыпты. Қазақстан үкіметінің келісім, қаржы министрлігі мен Республикалық жекешелендіру комитетінің шешімі құжатқа қоса тіркелген. Олар «Ертеңнен бастап алым-берім жасаймыз, 10 күннің ішінде бітіруіміз керек», дегенді айтты. Мен дереу банктің бас есепшісі Садықов мырзаға телефон соғып едім, ол:

– Басқарманың шешімін орындауымыз керек, ертең сағат онда бухгалтериядан сізге екі адам жіберемін, – деді.

Маған қолындағы келісімшарттың көшірмесін, басқа да тиісті қағаздарын берген қытай азаматтары:

– Бұдан былай бұл жерде үлкен жүк қоймасы болады. Жүк тасуға, көтеруге жарамды адамдар болса жұмысқа аламыз, ал қалғандарын түгел босата беруіңізге болады, – дегенді айтты аудармашысы арқылы.

Банктің басшыларына барғанмен еш өзгеріс болмайтыны анық. Қолымда заңды құжаттар тұр, тек облыстың әкіміне бір ауыз сөз айтып, алдынан өтуден басқа амал қалған жоқ. Бүкіл қағаздарымды жинап, папкаға салып, ертеңіне ертемен сағат 8-де облыстың әкімі Заманбек Нұрқаділовке бірінші болып кіріп шығуға бел будым. Ертеңіне таңғы сағат жеті жарымда әкімшілікке барып, Заманбектің келуін аңдып тұрмын. Көмекшісі маған:

– Келген мәселеңізді айтыңыз, жеке қабылдауға келесі айдың екінші бейсенбісіне жазбасам, одан беріде кіре алмайсыз, – деп өзінің кіргізе алмайтынын ашық айтты. Мен оған рахметімді айттым да:

– Зәкең ертең тек ренжімесін деп қана келіп едім. Бүгін кешке Алматыдағы бүкіл газет журналистерін, телеарналарды шақырып, баспасөз конференциясын өткізгелі жатырмын. Тек осыны өзіңіз айтып шықсаңыз болды, мен кірмей-ақ кете берем, маған әуре болудың қажеті жоқ, – дедім.

Көмекші жігіт дереу кіріп кетті де, көп бөгелместен қайта шығып:

– Сізге тез кірсін деді, уақытын көп алмаңыз, – деп ескертті. Мен кіріп келіп едім, Зәкең орнынан тұрып, маған қарап сәлемдескенше:

– Тоқа, сен қашаннан бері оппозицияға кіріп кеткенсің, ондайың жоқ сияқты еді ғой, – деп үлгерді.

Мен сәлемдесіп, қағаздарымды алдына ұсынып жатып:

– Өзіме қызмет іздеп келген жоқпын. Халықтың қамы, ата-бабаның ізі қалған жер ғой деп келіп едім, – дедім.

Мәселені тездете түсіндіріп, «аяқ астынан кеше түс әлетінде бір-ақ білдім» деп жатырмын. Зәкең дереу көмекшісіне ішкі телефонмен:

– Маған «Тұран Әлем» банкінің төрағасын қос, – деді.

...Телефон тұтқасынан екі жақтың да сөздері жақсы естіліп тұр. Зәкең оған:

– Бір сағаттың ішінде маған кел, – деді. Телефонның ар жағынан Е.Татишев мырза:

– Зәке, сағат 11-де басқарма мәжілісін өткізетін едім, соған дайындалып жатырмын, түстен кейін келейін, – деп еді, Зәкең оған:

– Онда ренжіме, қазір келмесең, милициямен алдырамын, – деді де, телефонды қоя салды.

Содан соң көмекшісіне: – Мемлекеттік мүлік комитеті М.Рахановты тап, – деді. Манағыдай емес, өңінде ашу бар.

Көмекшісі:

– Рахановты қостым, – деп еді, аман-сәлем жоқ, бірден бастырмалата жөнелді:

– Сен неге мені айналып өтесің? Алматы облысының жерінде нең бар сенің! Енді қалғаны Қытайға сигізіп, тышқызып, оны қазаққа жуғызатын болдыңдар ма, сонда?! Өзің қазақтың қанынан жаратылғансың ба, жоқ па! – деп ұрсып алды да: – Үш күннің ішінде шешімдеріңнің күшін жойыңдар, ертең шешіміңді айтасың, – деп тұтқаны қойды да көмекшісіне:

– Маған қаржы министрін жалға, – деді. Оған да айтпағанды айтып, «үш күнде шешімді бұзасыңдар» деп шегелеп тастады: – Егер тапсырма жоғарғы басшылар тарапынан болса, оларға Алматы облысының жеріне халықтың алдында бірінші жауап беретін мен екенімді ескерт, – деді. «Бұған қарсы шығатын адам болса маған айтасың, деп тапсырды соңында. Содан соң маған қарап:

– Саған рахмет, кете бер, үш күннің ішінде бәрін шешіп берем. Менің көзім тірі тұрғанда ешкім, оның ішінде Қытайға бір метр жер бергізбеймін, осы айтқаным айтқан, – деді. Мен де рахметімді айтып тұра бердім де:




– Зәке, сағат 10-00-де алым-берімге қытайлар келсе не істеймін, – деп едім, көмекшісіне «Қапшағайдағы әскери бөлімнің бастығын тап», деп бұйырды. Телефон қосылғанда оған дереу:

– Қазір сағат 10-00-нан бастап екі солдатты «Ақбұлақ» шипажайына постқа қоясың, егер қытайлар тыңдамаса қару қолданатынын ашық айтсын. Күзетті қашан алатынымызды өзіміз айтамыз, – деді.

Міне, сөйтіп Заманбек Қалабайұлы сөзінде тұрды, үш күннің ішінде бүкіл құжаттар күшін жойған еді.

Туғанбай Жанысбаев

zhasalash




 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар