Атырауда атышулы оқиғадан кейін ата-анасынан айырылған бес бала қазіргі таңда арнайы әлеуметтік мекемелерге орналастырылды. Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның балаларының қазіргі жағдайы туралы белгілі болды, деп жазады Alash.kz.
Қалалық білім бөлімі мамандарының мәліметінше, кәмелетке толмағандардың жағдайы тұрақты және олар қажетті көмектің барлық түрімен қамтамасыз етілген.
Бүгінгі таңда отбасының үлкен үш баласы бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатса, 1 және 3 жастағы екі бүлдіршін балалар үйіне орналастырылған. Мамандардың айтуынша, балалардың денсаулығы мен психологиялық жағдайы қалыпты, оқушылардың сабақ үлгерімі де жақсы деңгейде. Олар мекеме ішіндегі мәдени іс-шараларға, мерекелік ертеңгіліктерге белсенді қатысып, ән айтып, өздерін жақсы сезінуде.
Қазіргі уақытта балаларға атасы мен әжесі үнемі барып, жағдайларын біліп тұрады. Айта кетерлігі, тәрбиеленушілер әлеуметтік желілерді пайдаланбайды, сондықтан олар ата-анасының басынан өткен жағдай мен олардың қазіргі тағдыры туралы толық ақпараттан хабарсыз болуы мүмкін.
Демалыс күндері атасы мен әжесі барып, кездесіп, балалардың жағдайын біліп, сөйлесіп, әңгімелесіп, тәттілерін апарып отыр. Балалардың үлгерімі – жаман емес, жақсы. Апайларымен де сөйлесіп отырмыз. Шараларға да белсенді қатысады. Өткенде бейімдеу орталығының мерекелік шарасын тамашаладық. Қыздарымыз ән салып, би билеп, жақсы көңіл-күйде болды. Сәбилер үйіндегі балалар да балалармен араласып, ойнап жүр. Балаларды жағдай туралы ешкім хабардар қылған жоқ. Олар әлеуметтік желіні қолданбайды. Сондықтан, олар - оқиғадан хабарсыз.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар балалардың құқығын қорғау және олардың болашақ тағдырына қатысты заңды шараларды қарастырып жатыр.