Белгілі актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева жуырда өмірінде болған ерекше бір жайтты еске алып, өзіне қатысты діндар әйелдің кешірім сұрағанын айтты деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесінің айтуынша, анасы ұзақ уақыттан бері Меккеге барып, қажылық өтеуді армандап жүрген. Осы тілегін орындау үшін Айгүл екі жыл бойы дайындалып, ақыры анасын Умра қажылығына алып барған. Іздене жүріп, жұрт сенім білдірген діндар келіншекпен танысып, сапарды соның жетекшілігімен ұйымдастырған.
Айгүлдің сөзінше, Умра қажылығы жеңіл сапар емес — барған адамға оның өзіндік қиындығы бар. Сапар аяқталып, елге қайтар сәтте оларды бастап барған әйел күтпеген жерден Айгүлден кешірім сұрайды.
Мән-жайды түсінбей, себебін сұрағанда, ол өз ойын ашық жеткізген. Бұған дейін танымал адамдарды ертіп барған тәжірибесінде олардың түрлі талап қойып, сапарды қиындатып жіберетінін айтқан. Сондықтан Айгүл де солардың бірі болар деп алдын ала күмәнданғанын жасырмапты.
Алайда, керісінше жағдайға куә болған. Айгүлдің анасын арбаға отырғызып, өзі сүйреп жүруі, айналасындағыларға көмектесіп, қарапайым мінез танытуы діндар әйелдің ойын өзгерткен.
Сол себепті ол: «Сізді жете танымай тұрып, сырттай қате ой түйгенім үшін кешірім сұраймын», – деп ағынан жарылған.
Айгүл Иманбаева бұл оқиғаны айта отырып, адамды сырт келбетіне не атақ-даңқына қарап бағалауға болмайтынын, ең бастысы – қарапайымдылық пен адамгершілік екенін жеткізді.