Елімізде «қыркүйек» пен «қыргүйек» сөздерінің дұрыс орфографиясына қатысты қоғамдық пікірталас күшейді. Осыған байланысты ҚР Вице-президенті Ерлан Қарин арнайы мәлімдеме жасап, бұл мәселенің мемлекеттік аппарат жұмысына да тікелей қатысы бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Вице-президент тілдің қазіргі ресми мәртебесі мен атқаратын роліне тоқтала келе, бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын толық білдірді.
««Қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас.
Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық.
Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі.
Жиын қорытындысы бойынша қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу туралы шешім қабылданды. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, олар дайындаған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітілетін болады.
Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ.
Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», — деді Ерлан Қарин.