Танымал журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда талқыланып жатқан әйелдер өлімі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір білдіріп, ер азаматтарға үндеу жасады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Журналист әйелге ең жақын адамының өзі қауіп төндіретін жағдайдың ауыр қасірет екенін атап өтті. Ол бұған дейін қоғамда кең талқыланған әйелдердің есімдерін атап, олардың әрқайсысының артында жеке тағдыр мен отбасы тұрғанын жазды.
Руслан Өтепбай ер азаматтарды әйелдерге күш көрсетуден, қорқытып-үркітуден және дөрекі қарым-қатынастан бас тартуға шақырды.
«Қорғаны болуға тиіс адамнан қорғанып өмір сүру – әйел үшін ең ауыр қасіреттің бірі. Ер азаматтар, қазақтың қыздары қырылып қалмай тұрғанда, оянайық!» – деп жазды журналист.
Ол ер азаматтың міндеті әйелді қорқыту емес, керісінше оған қауіпсіздік пен қолдау көрсету екенін айтып, ерлерді әйелдерге құрметпен қарауға үндеді.
«Жұдырық ала жүгіруді тоқтатайық! Әйелді қорламайық, қорғайық! Әйелге айқайламайық, аялайық! Әйелмен ерегіспейік, еркелетейік! Аманаттап алған жарыңа қорқыныш емес, қорған бол!» – деді Руслан Өтепбай.