Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстандықтар кредитке белшеден батқан: Дүниежүзілік банк деректері солай дейді

11:32, 13 қыркүйек 2024 1846
 

Дүниежүзілік банк 2024 жылдың бірінші жартысында қазақстандықтардың қарызы көбейгенін көрсететін деректер жариялады деп хабарлайды Alash.KZ Dalanews.kz материалына сүйеніп.

Қаржы нарығын қанша жерден реттеуге тырысқанымен, жағдай мәз емес болып тұр. Себебі тұрмыстық несие алатын адам көп, инфляция шарықтап барады, ал пайыз мөлшерлемесінің жоғары болғаны біраз отбасының әл-ауқатыны кері әсер етіп жатыр.  Жылдың екінші тоқсаны тәмамдалды. Осы жарты жыл ішінде қарапайым азаматтар қарызының жалақыға қатынасы 47,7 пайызға жеткен.

Бұл шама сонау 2008-2009 жылдардағы кризиске дейінгі деңгейден асып түскен. Демек, қазақстандықтар күн көріс қамымен қазір қарызды бұрынғыдан бетер көп алатын болғанын көрсетеді.

Соның ішінде тұрмыстық несиенің үлесі жоғары. Бір алып, ұзақ қолданатын тауарларды несиеге алатындар мен дижитал платформалар арқылы айлыққа дейін қарыз ала тұратындар қарасы көп. Ал ондай несиелердің пайыз мөлшерлемесі инфляция деңгейінен 3-5 еседей асып түседі. Соған қарамастан, жұрт тәуекелге бел буып несие ала беретін болып тұр.    

Бұған не себеп?

Тауарлар мен қызметтер құны қымбаттаса, тұрғындардың алуға шамасы келмеуі мүмкін. Сондықтан күн көру үшін амалсыздан кредит рәсімдейді. Одан қала берді пайыз мөлшерлемелері тым жоғары болғандықтан қарыз алатындардың жүктемесін ауырлата түседі. Бұған қоса азаматтардың алатын айлығы шайлығы жете бермейді. Себебі тұрғындардың табысы өте баяу өсіп жатқанын көріп отырмыз. Соның кесірінен қарыздарын ертерек жабуға шамасы келмей, ол аздай жаңасын ала береді. Оған дижитал қаржы құралының көбейгені мен кей кредиторлардың қолданатын маркетиң саясатын қосыңыз. Осының бәрі онсыз да күйі нашар халыққа әсер етпей қоймайды.

Салдары қандай?

Осы аталған фактордың бәрі қатардағы қарапайым қазақтандықтарға ғана емес, экономикалық институттарға да әсер етеді. Олай дейтініміз — төленбеген қарыз көбейген сайын банктердің кредит қоржыны да нашарлай түседі. соныме нбірге тұтынушылық белсенділіктің де түсіп жатқанын айта кету керек. Қарызы өскен сайын тұрғындар кей тауар мен қызметтерді алмай қояды. Бұл экономикалық өсімге әсер береді. Түптің түбінде әлеуметтік жағдай қиындайды. Яғни проблемалық қарыз алушыларға саны артса, бұл әлеуметтік қақтығыстар мен кедейлікке әкеп соғуы мүмкін.     

Қазақстандықтардың кредитке белшеден батқанына реттеушілер мен қаржы институттары мән бермесе болмайды. Сарапшылар мұндайда кредит алуды қиындатып, тұрғындардың қаржы сауатын арттыру керегін алға тартады. Сонымен бірге балама қаржы көздерін дамыту қажет деген пікір бар. Яғни тұрмысы төмен тұрғындарға арнап банк кредитінің орнына микроқаржыландыру және кооперативтер сияқты құралдар қосу керек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар