"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы Қазақстан бойынша жабылатын жолдарды атады, деп жазады Alash.KZ.
Ұлттық компанияның мәліметінше, түнде Батыс Қазақстан облысында «Атырау – Орал» автожолының 373–492 шақырымында (Чапаево ауылы – Орал қаласы аралығы) барлық көлік түрі үшін қозғалысқа қойылған шектеу алынды.
Ал үш облыста жолдарға қатысты жаңа шектеулер енгізілді.
Павлодар облысы
- 22 қарашада сағат 00:30-да көлік айрығындағы пролет құрылымының шеткі арқалықтары бүлінуіне байланысты «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында «Қалқаман» көлік айрығы учаскесі уақытша барлық көлік түріне жабылды (Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығу жолы).
Аталған жерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Балама бағыттар:
- Астана бағытына қозғалыс «Қалқаман–Ақсу» көлік айрығы арқылы жүзеге асырылады (қашықтық — 6 км).
- Павлодар жағынан Қалқаманға кіру Баянауыл көлік айрығы арқылы жүргізіледі (3 км).
Ашық бағыттар:
- Қалқаман ауылынан Павлодар бағытына шығу ашық.
- Астана бағытынан Қалқаманға кіру ашық.
Солтүстік Қазақстан облысы
- «Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» автожолының 0–30 шақырымында (Қостанай облысы шекарасы – Тимирязево ауылы аралығы) барлық көлік түріне қозғалысқа шектеу қойылған.
Бұл учаскеде бұрынғы қарқынды жүк көлігі қозғалысы мен мол жауын-шашын салдарынан жол жамылғысы бүлінген.
Шығыс Қазақстан облысы
- Қысқы маусым аяқталғанға дейін «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахманов бұлақтары» автожолының 46–66 шақырымында (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің жүруіне шектеу енгізілді.