Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қатты қуған. Салдырынан соғылып, жеңіл автокөлік екіге бөлініп кеткен". Анасы жол апатына түсіп қаза тапқан ұлының өліміне полицейлерді кінәлады

16:49, 27 желтоқсан 2025

Қызылорда қаласында жантүршігерлік жол апатынан көз жұмған 23 жастағы Дінмұхамед Рақымжановтың анасы ұлының өліміне жол-патрульдік полиция қызметкерлерін кінәлайды, деп хабарлайды Alash.kz.

Анасының айтуынша, полицейлер қала ішіндегі тар көшеде ұлының көлігін қатты жылдамдықпен қуған, соның салдарынан жүргізуші жарық бағанасына соғылып, оқиға орнында қаза тапқан.

Жол апаты болардан бірнеше секунд бұрын түсірілген дүкеннің бейнебақылау камерасындағы жазбада Дінмұхамед мінген көліктің артынан полицейлердің жоғары жылдамдықпен келе жатқаны анық көрінеді. Марқұмның жақындары ең сорақысы — апаттан кейін полиция қызметкерлерінің жедел көмек көрсетпей, оқиға орнынан кетіп қалғанын алға тартады.

Оқиға болған жерге келген тілші Абай Нұржанұлының айтуынша, соққының қатты болғаны сонша, жеңіл автокөлік екіге бөлініп кеткен. Ал жүргізуші алған жарақаттарынан сол жерде жан тапсырған.

Марқұмның анасы тергеу барысында бар кінә баласының мойнына артылады ма деп алаңдайды. Оның сөзінше, полицейлер әріптестерін қорғап, істің мән-жайын жан-жақты зерттеуге асықпай отыр.

«Апат болғаннан кейін сол экипаж оқиға орнынан кетіп қалған. Егер қумағанда, мұндай жағдай болмас еді. Камераны көрейік, істі тексерейік деген еш әрекет жасалып жатқан жоқ», – дейді марқұмның анасы Майра Рақымжанова.

Осыған байланысты марқұмның туыстары прокуратураға жүгініп, істің әділ тергелуін талап етті.

Ал Қызылорда облыстық прокуратурасы өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта іс «көлік жүргізу немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша тергеліп жатыр.

«Қалалық полиция басқармасы тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық мән-жай анықталып, сараптама қорытындыларына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деді облыстық прокуратура басқарма басшысының орынбасары Ержан Алтынбай.

Марқұм Дінмұхамед Рақымжанов отбасындағы жалғыз ұл болған. Жақында ғана оқу орнын тәмамдаған жас жігіттің өзі де құқық қорғау саласында қызмет етуді армандағаны айтылады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар