Түркістан облысында 17 жастағы Төрехан Төреәлінің өліміне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот шешімімен басты айыпталушыға қылмыстың қайталануы ескеріліп, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Оқиғаға қатысты тағы екі сотталушының әрқайсысы 18 жылға сотталды. Сондай-ақ қылмысты жасырғаны үшін екі адам сәйкесінше үш және екі жылға бас бостандығынан айырылса, тағы бір айыпталушыға екі жыл сегіз айға бостандықты шектеу жазасы тағайындалып, ол рақымшылық заңына сәйкес сот залынан босатылды.
Марқұмның туыстары сотталушылардың бірінің рақымшылықпен босатылуына қарсылық білдіріп отыр. Сонымен қатар жақындары іс бойынша жетінші күдіктінің әлі де іздеуде жүргенін айтып, оның орналасқан жерін тезірек анықтауды талап етуде.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылғы 2 қарашаға қараған түні Түлкібас ауданында орын алған еді. Бетперде киген қарулы топ төрт жас жігітке оқ жаудырып, салдарынан Төрехан оқиға орнында көз жұмған, ал қалған үшеуі түрлі жарақат алған болатын. Марқұмның жақындары жасөспірімнің дәріханаға дәрі алуға келгенін және бұл жанжалға еш қатысы болмағанын хабарлаған еді.