Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, профессор, әнші-композитор Ағайша Исағұлова 83 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ағайша Шермұхамбетқызы Исағұлова 1945 жылы 12 ақпанда Талдықорған маңындағы Ескелді ауданында дүниеге келген. 1967 жылы ЖенПИ-ді (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) тәмамдап, осы оқу орнында ұстаздық қызметін бастаған. Көрнекті өнер иесі ғұмырының соңына дейін аталған оқу орнының профессоры лауазымын атқарды.
Кәсіби музыкант, баяншы әрі сирек кездесетін колоратуралық сопрано дауысының иесі Ағайша Исағұлова 1968 жылы Кеңес Одағы мен шетелге кеңінен танылған “Айгүл” вокалды-аспаптық ансамблін ұйымдастырушылардың бірі болды. Бұдан бөлек, ол 1978-1979 жылдары “Шаттық жыры” ансамблін құрса, 1992 жылы Галина Карамолдаевамен бірлесе отырып, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұрған “Өнер – жастан” студенттік опера театрын ашты.
Сонымен қатар ол 2001 және 2003 жылдары Майра Уалиқызы Шамсутдинова атындағы халықаралық байқауларды ұйымдастыруға мұрындық болған. Көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, "Үздік музыка мұғалімі" атағын екі мәрте иеленді. Талай буынды тәрбиелеген дара талантты уақытында мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаев та ерекше бағалап, оны баянда ойнап ән айтатын біртуар қазақ қыздарының бірі ретінде атап өткен болатын.
Композитор ретінде ол 2001 жылы Ж. Жақыпбаевтың сөзіне жазылған “Көкпар” әні үшін “Жаңа ғасырға – жаңа ән” республикалық байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Бұл шығарма кейін оның шығармашылық визиттік картасына айналды.
Ағайша Исағұлова Қазақстаннан бөлек Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Польша, Түркия және өзге де елдерде өнер көрсетіп, халықаралық деңгейде танылды. Ол туған жері Ескелді және Кербұлақ аудандарының “Құрметті азаматы” атанған. Ал 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнер иесіне “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын берді.
Марқұмның жаназасы бейсенбі, 10 қыркүйек күні таңертең Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтеді.
Еске салсақ, аяулы ұстазға 1 апта бұрын баспана тарту етілген еді. 