Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген сарбаздың анасы Ақтөбеде ұлының азапталғанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз Еркебұлан Досымбет Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери гарнизонында жүріп, сержанттар тарапынан жүйелі түрде соққыға жығылған. Бұл туралы Muztaumedia.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында зардап шеккен сарбаздың анасы Гүлдана Ерманқызы айтып берді.
Оның сөзінше, 2007 жылы туған ұлы әскерге 2026 жылдың 3 шілдесінде өз еркімен, ел қорғауды армандап аттанған. Алайда бейнебақылау камералары жоқ жерде сержанттар сарбаздарды азаптап, үстінен жүгіріп, шаптан ұрып, неше түрлі қорлық көрсеткен. Қазіргі таңда денсаулығы күрт нашарлаған Еркебұлан ауруханада жатыр. Соққының салдарынан сарбаз тіпті кіші дәретке өзі отыра алмай, арнайы аппаратқа қосылған.
«Балам емделіп жатыр. Келгенде сие алмай, аппаратпен жатты. Азып кеткен, шаштары өскен, түрден түр қалмаған. Ұлым армиядан жүрегі айнып, «неге бізді азаптай бересіңдер» деп жылап отыр. Олар балаларды камера жоқ жерге жатқызып алып, үстінен ойыншық қылып жүгіреді, неше түрлі азапты көрсетеді», — деді Гүлдана Ерманқызы.
Сарбаздың анасы ұлының әскерге дейін де көру қабілеті –4 болып шектелгенін, бірақ соған қарамастан медициналық тексерістен өтіп кеткенін айтты. Ал басынан алған ауыр соққылардан кейін оның көзі тіпті көрмей қалған.
Әскери бөлім басшылары бастапқыда пәтер жалдап бергенімен, арыз жазылған соң оны кері тартып алған. Енді Гүлдана Ерманқызы жұбайымен бірге аурухана жанында көлікте қонып жүр. Батыс өңір қолбасшылығының өкілдері кешірім сұраудың орнына ата-ананы қорқытып, «сенің балаңда да компромат бар» деп сес көрсеткен.
Гүлдана Ерманқызы ұлын азаптаған сержанттардың аты-жөнін ашық атап, олардың заң алдында жауап беруін талап етеді:
«Менің талабым — осы үш сержантты соттату. Аға сержант Ерболат Зиуадинов, аға сержант Амандық Жанғалиев және сержант Руслан Келербаев ұлымды ұрған. Барған солдат мүгедек болып келеді, ауру болып келеді, өзін-өзі асып қояды. Сондықтан осы үш сержанттың сотқа тартылуын талап етемін және сот ашық болуы тиіс. Қоғам баланы азаптағанның соңы не болатынын көруі керек», — деді анасы.
Ананың айтуынша, күдікті сержанттар қорғаушы жалдап, өз кінәсін мойындаудан бас тартып отыр. Сондай-ақ тергеушілер мен прокурорлар бұл істі жария етпеуді талап еткенімен, зардап шеккен тарап ақиқат үшін соңына дейін күресетіндерін жеткізді.