Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында куәлік еткен сарапшы Вероника Лобаева ғимараттың бір бөлігі не себепті құлап түскенін жан-жақты түсіндіріп берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Маманның мәлімдеуінше, апаттың басты себебі – ғимараттың бастапқы бекітілген жобаға мүлдем сәйкес салынбауында. Үй негізінен тек бес қабатқа ғана есептелгенімен, құрылыс жүргізуші тарап оны тоғыз қабатқа дейін көтеріп салған. Ең сорақысы, ғимараттың іргетасы мен негізгі конструкциясы үстіне қосымша түскен төрт қабаттың ауыр салмағына сай күшейтілмеген болып шықты.
Сонымен қатар сараптама қорытындысы құрылыс барысында өрескел заңбұзушылықтардың орын алғанын айғақтап отыр. Вероника Лобаеваның сөзінше, объектіні турғызу кезінде сапасыз ерітінді қолданылып, нормаға сай болуы тиіс қажетті арматуралар мен бекіткіштер мүлдем орнатылмаған. Сарапшы мұның бәрін құрылыс барысында жіберілген салғырттық пен қателіктердің тікелей салдары деп бағалады.
Қазіргі таңда сот істің барлық мән-жайын анықтап, жауапты тұлғалардың кінәсін дәлелдеу бойынша процесті созбай жүргізіп жатыр.