Баян Алагөзова дін туралы айтқан сөздеріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін танымал продюсер Threads әлеуметтік желісінен кететінін мәлімдеп, оған «діннен және оның насихатынан шаршағанын» себеп ретінде көрсеткен еді. Сонымен қатар ол жұмақ пен тозақтың, соның ішінде «72 Хор қызының» бар екеніне нақты дәлелдер жоқ екенін айтқан болатын.
Продюсердің бұл жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осыдан кейін Баян Алагөзова өз сөздерінің діндар азаматтардың намысына тигенін мойындап, ақтарыла кешірім сұрады.
«Екіншіден, мені «діндарлардың сезімін қорлады» деп айыптаушылардың барлығы мұқият оқып шықсын: мен діннің өзіне емес, ХАЛҚЫМЫЗҒА БӨТЕН ДОГМАЛАРДЫҢ ТАҢЫЛУЫНА, РАДИКАЛДЫ ЖӘНЕ ФАНАТИКАЛЫҚ насихатқа ҚАРСЫМЫН деп айттым», - деп жазды ол.
Продюсердің пайымынша, «сараптамалық ойлау қабілеті бар кез келген адам» соқыр сенімнің түбі қайда апарып соғатынын анық түсінеді.
«Сіздер 9 жасар қыздарды ұзатқанды қалайсыздар ма? Олардың білім алуына немесе медициналық көмек алуына тыйым салғанын қалайсыздар ма? «Шайтанның азғыруынан сақтау мақсатында» деп оларды ұрып-соққанын қалайсыздар ма? Әйел етіп алып, бірақ оған жауапкершілік алмағанын қалайсыздар ма? Үш рет «талақ» деп айтып, оңай тастап кеткенін қалайсыздар ма? Қыздарыңыз бен қарындастарыңыз жеке тұлға болмай, біреудің қосымшасы болып қалғанын қалайсыздар ма? Рұқсатсыз қоғамға шыға алмай, сөйлей де алмай қалуын қалайсыздар ма? Өзін де, балаларын да қарапайым қорғай алмауын қалайсыздар ма? МЕН БҰҒАН ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ ҚАРСЫМЫН!», - деп толықтырды Алагөзова.
Сөзінің соңында продюсер әрқашан Қазақстанның ұлттық мәдени кодын сақтауды және зайырлылықты жақтайтынын атап өтті.