Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Қанмен сүйреп алып бара жатқан”: Қызылордада колледж жатақханасында 16 жастағы студент көз жұмды

12:25, 13 мамыр 2026

Қызылордада “Болашақ” медициналық колледжінің жатақханасында 1-курс студенті Нұрдәулет Мырзалы көз жұмды. Марқұмның ата-анасы ұлдарының әлімжеттіктің құрбаны болды деп отыр. Бұл туралы 31-арнаның “Информбюро”бағдарламасы хабарлады, деп жазады Alash.kz.

Нұрдәулет Мырзалы фельдшер мамандығы бойынша оқып жатқан. Ата-анасының айтуынша 16-жастағы жеткіншекті 3-курс студенттері түн ішінде жабылып ұрып өлтіріп, мәйітін жасырмақ болған. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы сол түні балаларға бас-көз бола алмаған қызметкерлерді кінәлайды.

8 мамырда полиция Нұрдәулеттің жансыз денесін жатақханадан алып кеткен. Марқұмның әкесі жоғарғы курс студенттері өзінен кіші шәкірттерді жатақхананың фитнес залына апарып әбден азаптағанын айтады.

“Сол жерде, ұрған жерде кеткен ғой бала. Олар жедел жәрдемді уақытында шақырмаған. Мүмкін шақырғанда үлгеріп қалар ма еді. Олар баланы алып шығып, өзінің бөлмесіне апарған. Одан вахтаға түсірген дейді”, – дейді Руслан Сейсенбаев.

Яғни, студенттер қылмысты жасыруға тырысты дейді марқұмның туыстары. Бәрінен бұрын жатақханада тәртіптің жоқ екенін, әлімжеттіктің жиі болатынын енді естіп жатырмыз деп ашынады.

“Жертөледен екінші қабаттағы бөлмесіне алып бара жатқан кезде біреу көріп шыңғырған. Қанмен сүйреп алып бара жатқан. Сосын оны көріп бөлмесіне тығып қойған. Ақпан айында бір бала осылай өлген. Ол өлгенде кешірім берген де, сонымен жауып тастаған”, – дейді Нұрдәулеттің әпкесі Римма Елеусізова.

Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Колледж басшылары студенттердің тәртібіне бақылау жасай алмаған бірнеше қызметкер жұмыстан қуылды деп отыр. Қазір қызметтік тексеріс басталған.

“Тап қазір колледж ішілік тексеру жүргізіліп жатыр. Сырттан да тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар біраз адам жауапқа тартылып жатыр. Әлімжеттік ешқандай болған жоқ. Не болды, не қылды тыныштық па дедім. Ақша сұрады ма дедім. Жоқ апай, ондай ештеңе болған жоқ. Сыйламай кеттің деп жай жұдырықпен ұрғанда мұндай боларын білмедік деді”, – дейді “Болашақ” жоғары медициналық колледжі директорының орынбасары Гүлмира Өтеулиева.

Полиция “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабымен іс қозғап, күдікке ілінген бір студент қамауға алынған. Алайда марқұмның туыстары жеткіншекті ұрып-соққан өзге балалар мен қауіпсіздікке салғырт қараған қызметкерлер де заңмен жазалануын талап етіп отыр. Айта кетейік, үйінің тұңғышы Нұрдәулет Мырзалы ақ халатты абзал жан атанып, ата-анама өзім қамқор боламын деп армандаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар