Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажеттілігі туралы айтып, Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдағанын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Мәдениет қызметкерлерінің мардымсыз жалақысын өсіру керек!
Сәуірде ауыл мен аудандағы мәдениет үйлерінде қызмет етіп, ұлт руханияты үшін өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың әлеуметтік пакеті қалыптаспағанына қатты қынжылып Үкіметке мынадай ұсыныстармен депутаттық сауал жолдаған едім:
Ауылдық және аудандық мәдениет ұйымдарына күрделі жөндеу жасап, материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет.
Мәдениет саласы қызметкерлеріне мереке және демалыс күндері атқарған жұмысы үшін заңнамаға сәйкес қосымша ақы төлеуді қатаң бақылап, жұмыс уақыты мен еңбек жүктемесін нақты регламенттеу керек.
Мәдениет саласындағы мамандарды қолдау мақсатында олардың көтермеақы, санитарлық-курорттық демалыс, тұрғын үй секілді әлеуметтік пакетке қол жеткізуі үшін жұмыс өтілі, белсенділігі, жетістігі ескерілетін нақты критерийлер енгізіп қолдау қажет.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің, мәдениет үйіндегі мамандардың жалақысын көтеру керек.
Мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесін жетілдіріп шетелдегі үздік мәдени ұйымдармен тәжірибе алмасу мүмкіндігін бекіту қажет.
Жауап келді, бейнежазбадан толық көріңіздер. Мәселені тоқтаусыз көтеріп, салаға жанашырлығын ісімен дәлелдеп жүрген мәдениет қызметкерлеріне алғыс білдіремін”,- деп жазды Нартай Аралбайұлы.