Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Жаңа мүмкіндік! Стратегиялық шешім”: Оқу-ағарту министрі ұстаздарды қуантатын жаңалығын бөлісті

11:46, 13 мамыр 2026

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова желідегі парақшасында ұстаздарды қуантатын жаңалығын бөлісті, деп жазады Alash.kz. 

“Құрметті достар!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл еліміздің білім жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін стратегиялық шешім. Жаңа құжат – әрбір оқушының сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған қадам. Шындығында, жасанды интеллект мүмкіндіктері,  әсіресе  шалғай өңірлердегі ауыл мектептеріне тың серпін береді. Оқушылардың жеке даму білім траекториясы, мұғалімдердің кәсіби дамуы, заманауи цифрлы инфрақұрылым, жоғары жылдамдықты интернет –  мұның барлығы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, жаңа мүмкіндіктер кезеңіне жол ашады”,- деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, Жарлықта педагог мәртебесіне ерекше мән беріліп отыр.

“Ең бастысы, Жарлықта педагог мәртебесі және Ұстаз рөліне айрықша мән берілген. Жасанды интеллект педагогті алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдететін қосымша құралға айналады. Білім саласында ауқымды міндеттер тұр. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілетін болады. Біздің мақсат –  жасанды интеллектті елдің адами капиталы және болашақ ұрпақтың әлеуетін арттырудың нақты құралына айналдыру”,- деп жазды министр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар