Абай облыстық Полиция департаментінің тергеушісі Ажар Сартова Ресей Федерациясында орын алған атышулы кісі өлтіру және қарақшылық қылмысына қатысты тергеуді аяқтады, деп жазады Alash.kz.
2015 жылы басталған бұл іс бойынша қылмыстық топтың соңғы мүшесі арада тоғыз жыл өткенде Алматы қаласында қолға түсті. Қылмыскерлер қымбат көлікті иемдену мақсатында оның иесіне пышақ салып, кейін көлікпен басып өлтірген болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, төрт адамнан тұратын топ жәбірленушімен көлік сатып алушы ретінде кездескен. Оқиға орнынан қашып кеткен күдіктілердің үшеуі бұған дейін Барнаул мен Шығыс Қазақстан облысында сотталса, соңғы қатысушыға халықаралық іздеу жарияланған еді. Абай облыстық соты ұсталған азаматты 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Полиция департаменті өкілдері тергеу нәтижесі туралы былай деді:
«Тергеудің жүйелі әрі кәсіби жұмысының арқасында әділ соттан қашып жүрген қылмыстық топтың соңғы қатысушысының жүрген жері анықталды. Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, 2024 жылы Алматы қаласында полициямен ұсталды».