Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қайғылы хабар: БҚО-да тілсіз жаумен күрес кезінде өрт сөндіруші көліктің астына түсіп, қаза тапты

15:53, 18 қыркүйек 2026

Батыс Қазақстан облысында тілсіз жаумен күрес кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің взвод командирі Миршат Халиуллин оқыс оқиғадан қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұмның әкесі Марс Халиоллаұлының сөзінше, ұлы кезекті кезекшілік уақытында өрт туралы дабыл түскеннен кейін шақыру орнына аттанған. Сондай-ақ марқұмның жақындары арнайы өрт сөндіру көлігін Миршаттың бала күннен бірге өскен, сыныптас әрі әріптес досы тізгіндегенін жеткізді.

«Өртті сөндіру кезінде әріптесі абайсызда оны қағып кеткен. Жүргізуші түтіннің салдарынан көрмей қалғанын айтты. Алғашында байқағанымен, кейін көзден таса болып кеткен. Кешірім сұрады. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері келіп, көңіл айтып, көмек ұсынды», — деді қайғыдан қан жұтқан әкесі.

Алған ауыр жарақаттарының салдарынан Миршат Халиуллин ауруханаға жетпей көз жұмды. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкердің қызметтік борышын өтеу үстінде қаза тапқанын ресми түрде растап, марқұмның отбасына барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Ал Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, қайғылы жағдайдың толық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар